"Қарғалы", "Мұнайшы", "Күншуақ" бау-бақша ұжымдарындағы 25 саяжай учаскесі суға кетті
Қарғалы өзеніндегі су деңгейі 83 см-ге түсті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Кеше өзен арнасынан асып, іргедегі үйлерге бел ортасына дейін су кірген болатын. "Қарғалы", "Мұнайшы", "Күншуақ" бау-бақша ұжымындағы бірқатар үйді жарақсыз қылған қызыл су бүгін қайтып жатыр. Кеше бұл жерде төтенше жағдайлар қызметкерлері мен 6655 әскери бөлім сарбаздары жұмыс жасаған. Құм толтырылған қаптармен су жолын бөгеуге тырысқан. Су басқан тұрғын үйлердің ауласы мен жолдарын тазартқан.Кеше Қарғалы өзеніндегі су деңгейінің көтерілу салдарынан "Қарғалы", "Мұнайшы", "Күншуақ" бау-бақша ұжымдарындағы 25 саяжай учаскесі суға кетті. Саяжай учаскесі болса да мұнда адамдар қысы-жазы тұрады. Су кірген үйлердің шығындары шаш етектен. Айта кетейік, тұрғындардың айтуынша, аймақта дәл осындай жағдай соңғы рет 2017 - ші жылы болған.Бау-бақша ұжымдарынан төтенше жағдайлар қызметкерлері көмегімен 116 адам эвакуацияланған. 44-і бала. Уақытша эвакуациялаудың 3 пункті ашылған. Онда 87 адам орналастырылды. 29 адам туыстарының үйлеріне түнеген. Бүгін 5 адам үйлеріне оралды. Қазір суға кеткен саяжай учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың мүлкін қорғауға 17 бірлік техника күшімен 34 полиция қызметкері жұмылдырылып отыр. Облыстық ТЖД күштерімен су басқан учаскелерде уақытша гидропосттар орнатылған.
Количество показов: 761
Дата создания: 31.03.2023 11:39:55