Тұмауға қарсы егу науқаны басталды
![]() |
Бүгіннен бастап қала емханаларында тұмауға қарсы егу басталды. Тұрғындардың барлығына бірдей тегін вакцина тиесілі емес. Дегенмен учаскелік терапевттер арқылы ақтөбеліктер жеңілдік санатында бар-жоқтығын анықтай алады. Биыл облыс бюджетінен "Ваксигрипп" препаратын сатып алу үшін 18 млн теңге қаражат жұмсалды. Тұмауға қарсы егу науқаны екі аптаға созылады. Бүгін №4 қалалық емханаға бас сұққан ақтөбеліктерге дәрігерлер "Ваксигриптің" тиімділігі туралы ақпарат берді. 8 ықшам аудан тұрғындары арасында тегін егілуі тиіс ақтөбеліктерге құлаққағыс жасалған. Әсіресе жиі ауыратын науқастардың вакцина қабылдағаны жөн дейді мамандар. Тұмаудан сақтануды ойластырған әр адам ең алдымен учаскелік терапевтке қаралып, қызуы өлшеніп, соңғы үш күн ішінде ағзасында ауытқушылық бар-жоғы бақылауға алынады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың айтуынша, жылдан - жылға алдын ала егіліп алуға асығатын ақтөбеліктер қатары көбейіп отыр. "Ваксигриптің" дозасы ақылы түрде вакцина қабылдайтындар үшін 2 мың теңге көлемінде. Айта кету керек, жүкті келіншектердің де тегін егілуге мүмкіндігі бар. Алайда оның жүктілік мерзімі 30 аптадан асуы керек. |
Количество показов: 2568
Дата создания: 02.10.2012 18:56:45