Жемге жылу берді
Облыс әкімінің аудандарға сапары сенбі күні жалғасты. Архимед Мұхамбетов Жем қаласында болып, газ тарату бекетінің ашылуына қатысты. Ембіден тартылған газ құбырының арқасында 6 әлеуметтік нысан және 8 көп қабатты тұрғын үйге көгілдір отын жетті. Газ құбырының құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылған. Құны- 268 млн. теңге. Мұғалжар аудандық газ учаскесінің маманы Жетпісбай Нұрсейітовтің айтуынша, қуаттылығы 400 үйді көгілдір отынмен қамтуға жетеді. Ең бастысы- Жемнің тұрғындары қаражатын үнемдейтін болды, деді тұрғындармен кездесуінде облыс әкімі Архимед Мұхабетов. Газ тарату бекетін іске қосқан соң, №1 жылу қазандығында болды. Қазір толық қуаттылықта жұмыс істеп тұрған қазандық 1 шақырымдық қашықтықтағы ғимараттарға жылу таратады. Жемге жолы түскен жолаушының көзі қаңырап, қараусыз қалған үйлер мен ғимараттарға еріксіз түседі. Олар- әскери Ембі кезінен қалған ғимараттар. Облыс әкімі олардың мәселесі инвесторларды тарту арқылы шешу жоспарда бар екендігін айтты. Иесіз тұрған үйлер мен есік-терезесі ашық жатқан ғимараттың саны-10-нан астам. Жемде жөндеу көрмеген нысанның бірі-Мәдениет үйі. 1964 жылы салынған ғимараттың едені сықырлап, спорт залының да тозығы жетіп тұр. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы тек ғимаратты жөндеудің өзіне 58 млн теңге қаражат керектігін жеткізді. Терможаңғырту бағдарламасы Қандыағашта да қарқын алған. "Достық" мөлтек ауданындағы №14 көппәтерлі тұрғын үй жөнделіп жатыр. Сметалық құны 126 млн. теңге. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания "ЭталонСтройАқтөбе" ЖШС-гінің басшылығы облыс әкімін 15 қарашада жөндеу жұмыстарын толық аяқтайтынына сендірді. Қандыағашқа сапарында облыс басшысы автокөлік жолдарының сапасын қарады. Биыл қаладағы 8 орталық көше жөнделген. "Көркейе бер, туған жер!" акциясына "Қазақойл", "Қазмұнайгаз" компаниялары қатысқан. Қалған үш көше облыстық қазынадан бөлінген қаражатқа жөнделген. Қандығаштың қысқа дайындығын пысықтау үшін Архимед Мұхамбетов орталық жылу қазандығының жұмысымен танысты. Сонан соң "Нұртай" мешітінде болып, өңірдің діни ахуалын білді. Өткен жылғы сапарында жамағат облыс әкімінен мешітке күрделі жөндеу жасауға көмектесуін сұраған болатын. Халықтың өтініші орындалды. Мұнайшылар мен теміржолшылар "Көркейе бер, туған жер" акциясына атсалысып, жөндеу жүргізілді. |
Количество показов: 2559
Дата создания: 05.11.2012 19:01:41