Жартылай жөнделген үй
Жангелдин көшесінің бойындағы №165 үй тұрғындары билік өкілдеріне наразы. Нақтырақ айтсақ аталмыш үйге қаламыздағы жауапты тұлғалар жөні түзу жөндеу жүргізуді бастаған да, жартысына жеткізіп, аяқтамай тастаған. Аққатша Тұрмұханбетова көршісіне қарап көзі сүйсініп, өз үйін көріп күрсініп жүрген көп тұрғынның бірі. Жетім баламыз ба, әлде тоқалдан тудық па,- дейді. Айтса айтқандай. Атқарушы билік аталмыш үйдің Кеңес Нокин даңғылына қарайтын бетіне жөні түзу жөндеу жүргізген. Себебі, Ақтөбеге келетін аса мәртебелі меймандар дәл осы көшемен жүреді. Ал, үйдің құрметті қонақтар көре бармейтін тұсын жөнге салу құзырлы орындағылардың ойына да келмесе керек. Жангелдин көшесінің бойында орналасқан 5 қабатты бұл үйдің сырты бүтін, іші түтін. Кеңес Нокин даңғылы бойынан қарасаң аталмыш үйдің көркіне көзің талады, ішіне кірсең кәдімгідей қарның ашып қалады. Оның үстіне үйдің жағдайына жауапты пәтер иелері кооперативі де болмай шықты. Атқарушы билік басталған істі аяғына дейін жеткіземіз деп отыр. Керек қаражаты да дайын. Бөлінген біршама қаржыға бұл үйден бөлек тағы да бірнеше көп қабатты үйдің сырт келбеті жаңартылмақ. Атқамінерлер айтқан сөздерінде тұрса келер жылы Жангелдин көшесіндегі №165 үйге жөні түзу жөндеу жасалатын болады. |
Количество показов: 2289
Дата создания: 18.10.2012 20:39:22