Вице-премьер Қырымбек Көшербаев Ақтөбеге келді
Бүгін Ақтөбеге жұмыс сапарымен премьер-министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев келді. Астаналық мейман өңірімізге арнаған өз сапары барысында облысымыздағы бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Үкімет жетекшісінің орынбасары бас сұққан алғашқы нысан ол Благодар селолық округінде орын тепкен "Ізет гринхаус" жылыжай кешені болды. Кәсіпорын осыдан екі жыл бұрын іске қосылған. Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан жылыжай кешені жылына 1500 тонна қызанақ өнімдерін өндіруге қауқарлы. Құны 1 млрд. 238 млн. теңгені құрайтын жоба мемлекеттік үдемелі индустриалды бағдарлама аясында іске қосылған. Қазір кәсіпорын 50-ге тарта ақтөбелік тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы 40-45 мың теңге көлемінде. Одан әрі премьер-министрдің орынбасары бастаған бір топ мейман мен облыс, қала басшылары қала шетінде бой көтерген "Нұр Ақтөбе" ауданына келді. Аталмыш ауданда қазір 9 қабатты 3 үйдің құрылысы аяқталған. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына арнап салынған бұл үйлерді билік өкілдері иелеріне жақын уақытта тапсыруды көздеп отыр. "Нұр Ақтөбе" ауданында 2015 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама аясында 5 мың пәтер қолданысқа берілмек. Сондай-ақ бұл аумақта алдағы жылдары коммерциялық мақсатта да бірнеше тұрғын үй бой көтеретін болады. Осылайша "Нұр Ақтөбе" болашақта 300 мыңдық тұрғыны бар шағын шаһарға айналмақ. "Нұр Ақтөбеде" атқарылған жұмыстармен танысқан Қырымбек Көшербаев одан әрі қала шетіндегі жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен жылу-электр орталығына аттанды. Ақтөбе жылу-электр орталығы осыдан 70 жыл бұрын іске қосылған. Орталық Ақтөбе тұрғындарын толықтай жылумен қамтып отырған қаладағы әзірге бірден бір кәсіпорын. Үкімет жетекшісінің орынбасары мұндағы жақында ғана жаңартылған цехтың жұмысымен танысып, жылу қазандықтарының қызметін бақылап көрді. |
Количество показов: 2221
Дата создания: 05.12.2012 19:31:50