Уақытша тіркеу дүрбелең туғызды
Ақтөбеде Тургенев көшесіндегі №1-ші және 12 ықшам аудандағы №2-ші ХҚКО таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00 аралығында жұмыс жасайды. Онда көші-қон полициясы бөлімдері орналасқан. Орталықта қосымша жұмыс орындары ашылып, бірнеше күннен бері халыққа демалыссыз қызмет көрсетіп жатыр. Қосымша түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Себебі, тұрғындардың арасында жаңа Заңды түсінбегендер көп. Уақытша тіркеу барысы жөнінде өңірдегі жағдай туралы халыққа қызмет көрсету орталығы немесе өзге де жауапты мекеме өкілдері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Жаңа Заң негізінен пәтер жалдаушыларға қатысты. Тіркелу үшін басқа жақтан келген азамат пен пәтер иесі бірге баруы тиіс. ХҚКО-да пәтер иесі баспанасына басқа адамды тіркеу үшін арнайы өтініш толтырады. Өтініш толтырылған соң, "Қазпошта" немесе банк арқылы 227 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Алайда, шаһардағы Халыққа қызмет көрсету орталығындағы арнайы кассада бұл қызмет үшін 347 теңге алып жатыр. 120 теңге банктің қызметтік комиссиясы. Содан соң баспана иесіне мүліктің өзінікі екендігін растайтын анықтама беріледі. Электронды базаға енгізіліп, соңында орталықтағы көші-қон полициясы қызметкерлері тіркеуді аяқтайды. Ал, жаңа Заң ақпаннан бастап толықтай күшіне енеді. Әзірге ескерту жасалады. Пәтерді жалға берушілер мен алушыларда арнайы рұқсат қағазы болмаса, келесі айдан бастап пәтер жалдаушыларға 7, пәтер иелеріне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Количество показов: 1678
Дата создания: 10.01.2017 18:54:32