Такси жүргізушілері көлік инспекциясының жұмысына наразы
Көлік инспекциясының қызметкерлері жол полициясы басқармасына жүктелген міндеттемелерді қоса атқаруын доғармай отыр. Бүгін Хромтауға жолаушы тасымалдап жүрген 15 такси жүргізушісі осылай шағымданды. Инспекция қызметкерлерінің жүгенсіз кеткендігі сонша, алты айдан бері біздің жұмысымызға килігіп, тырнақ астынан кір іздеп, жұмыс істеуге мұрша бермей отыр дейді көлік жүргізушілері. Ал бүгінгі қылықтары- тіпті, ақылға сыймайды дейді олар. Таксист Феодор Епифановқа таксидің төбесінде арнайы белгісі, таксометр қондырғысы болмағандығы үшін хаттама толтырған. Құжаттың көшірмесін бермеген. Жүргізушінің заңгердің көмегі қажет, наразымын дегеніне құлақ аспастан, жүргізуші куәлігін алған. Көліктік бақылау инспекциясының мұндай әрекетіне Феодордың жолдағы серіктестері шыдамай, әріптестерін қолдауға Ақтөбе-Хромтау бағытындағы тас жолға жиналды. Наразылықтарын білдіру үшін. Марат Сәбитаев- бұрын құқық қорғау органдарында қызметте болған. Әріптесінің жағдайын ести сала, оқиға орнына келген. Қолындағы Қазақстан Республикасындағы көлік туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің әрбір бабын алға тартып, инспекция қызметкерлерінің әрекеттерінің бұрыстығын тізбеледі. Жол бойындағы ерегес мұнымен бітпейді. Көлік инспекциясының өкілдері эвакуатор шақыртып, Феодор Епифановтың көлігін жолдың жиегіне шығарып тастайды. Марат Сәбитаев болса, бұл әрекеттерінің бәрін фото және бейнекамераға түсіреді. Содан үрікті ме екен, дереу өздері хаттама толтырған Епифановқа құжаттарын қайтып беріп, іздерін суытады. "Батыс" өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының шүйлігетіні- жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер таксометрмен жабдықталып, арнайы сары жолақтармен безендірілуі тиіс. Бұл талаптарды орындамай жүргендігін көлік жүргізушілері жоққа шығармайды. Ресейлік таксометрлер сатып алатын болсақ, олар шетелдік көліктерге сәйкес келмейді дейді. Қазақстандық заң бар да, қазақстандық құрылғы жоқ. Таксишілер жергілікті атқарушы билікпен келісім-шартқа отыр деген талапты орындау үшін де бас қатырып жүр. Өйткені олар тек Ақтөбе аумағына ғана емес, көрші Қостанай мен Оралға қатынайды. Демек, әрбір қала басшылығымен келісімге отыру шарт па? Бұл басы ашық сұрақ. Наразылықтарын көлік жүргізушілері енді прокуратураға жолдамақшы. Инспекция бастығы Батырхан Дабыл бәрі заң аясында жүргізілгендігін алға тартты. Ал көлікті жол жиегіне ысырып тастаған такси жүргізушілерінің- өзі деп отыр. Оның бәрі актте көрсетілгеніне де сендіреді. Хаттаманы толтырып, артынша, қайтарып алынғандарын да жоққа шығарды. Инспекция бастығы қажет болса өздері түсірген бейне жазбаны көрсетуге даяр. |
Количество показов: 2480
Дата создания: 02.11.2012 18:58:52