Түрмеде бүлік шығарды деп айыпталғандардың соты басталды
Жазда КА 168/1 түзету мекемесінде бүлік шығарды деп айыпталғандарға қатысты сот отырысы басталды. Алғашқы процесс №2 қалалық сотта судья Гүлнар Тілепованың басшылығымен өтті. Сотталушылар қатарында үш адам. Тергеу абақтысындағы жаппай тәртіпсіздік осы жылғы шілденің 11-де болды. Ол кезде жазасын өтеушілер түрмедегі жағдай адам төзгісіз, бізді ұрып-соғып жатыр деп жаппай бүлікке шығып, колония тәртібін жұмсартуды талап еткен еді. Түрме әкімшілігіне бағынбай, қарсылық көрсетіп, бірқатары өз денелерін зақымдады. Түзету мекемесінің басшылығы арнайы операция жариялап, бүлікшілерді әрең басты. Шілденің 12-де бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, үш ай бойына тергелді. Енді бүгін сол бүлікті ұйымдастырды деп айыпталып отырған үш жігітке қатысты сот отырысы басталды. Сотталушылардың бірінің заңды өкілі "істің шикі тұстары көп, шын мәнінде бүлікті бастаған басқалар", дейді. Прокурорлық анықтамада көрсетілгендей, сол күні түрмедегі толқулар кезінде 20 жазасын өтеуші ұрып - соғылған. Бүлікшілер түзету мекемесінің дүние-мүлкін сындырып, материалдық залал келтірген. Ал бүлікті ұйымдастырған төрт адамның аты-жөні аталды. Оның біреуі ғана жауапқа тартылуда. Мемлекеттік айыптаушы ұсталған үш жігітке ҚР ҚК 360-бабы 3-ші тармағында көзделген, яғни қылмыстық атқару әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау бабы бойынша айып тақты. Бүгін бірінші отырыста сотталушылардың бірі түрме қызметкерлері тарапынан қысым жасалатынын айтып, шағымданды. Бүлікшілерге қатысты процесс жалғасады. Сот куәгерлер мен тергеушілерден жауап алуы тиіс. |
Количество показов: 2263
Дата создания: 01.11.2012 18:57:50