Тұрғындардың қаладағы кәріз жүйесі қызметіне көңілдері толмайды
Қаладағы кәріз жүйелері әбден ескірген. Бірнеше жыл бойы ауыстырылмай пайдаланылып келе жатқан желілер жиі істен шығады. Ал құбырларды жаңартуға ешқашан қаражат таппайтын "Ақбұлақ" ақауларды жөндеумен ғана шектеледі. Бірақ, тұрғындарды мұндай қызмет қанағаттандырып отырған жоқ. Қазанғап көшесіндегі №59-шы үйдің жертөлесі нәжіс суына толып кеткен. Пәтерлерді жағымсыз иіс жайлап алған. Бірінші қабаттағы тұрғындар мүлдем тұншығып отырмыз деп налиды. 5 қатарлы үйде 70 пәтер бар. Тұрғындар жиналып, "Ақбұлақ" АҚ президенті Асан Ыбыраевтың атына арыз да жазған. Қаладағы кәріз жүйесіне жауапты мекеме- "Ақбұлақ" АҚ-ының бас инженері Нұрлан Елтаевтың айтуынша, күніне 38 шақырту қабылданады. Олар бойынша 5 бригада жұмыс жасайды. Кешкі бестен таңғы сегізге дейін қосымша кезекші техникалар іске қосылады. Кәріз жүйелері бойынша учаске бастығы Тимур Ахметов болса, кәріз желісін пайдалана білмейді деп тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Оның үстіне Қазанғап көшесі бойындағы кәріз магистралы 1980-ші жылдары тартылған. Қолданылғанына 30 жылдан асты. Диаметрі 150мм керамикалық құбырлар әбден тозып тұр. Бірақ, "Ақбұлақ" басшылығы желіні жаңарту жөнінде жақ ашқан жоқ. |
Количество показов: 2537
Дата создания: 01.11.2012 18:58:53