Премьер-министрдің орынбасары облыс активімен кездесті
Өндіріс ошақтарын аралап көрген Премьер-министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев түс қайта облыс активімен кездесті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімі жасаған баяндаманы тыңдап, алға қойған міндеттерді талқылады. Қырымбек Көшербаев ауыл шаруашылығы, қаржы, қоршаған ортаны қорғау, көлік және коммуникация мен мұнай және газ министрлерінің орынбасарларын да ерте келген. Премьер-министрдің орынбасары үкімет басшысы қойып отырған негізгі міндеттерге баса назар аудару керектігін айтты. Жоспарлармен бөлісті. Келесі жылдан бастап үкімет ауыл шаруашылығы саласын және мемлекеттік тұрғын үй кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлмекші. Ауыл шаруашылығына 3 трлн теңге, ал мемлекеттік тұрғын үй бағларламасы жобасына 2,2 трлн теңге қаражат бөлу жоспарлануда деді Қырымбек Көшербаев. Шағын қалаларды дамытуға үкімет баса назар аударып отыр. Қазір республика бойынша 41 кіші қала мен 514 елді мекен осы тізімге енген. Оның арасында Хромтау ауданы да бар. Кездесу кезінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов үкіметтің өзге де өңірлердің өзекті мәселелеріне көңіл бөлуін сұрады. Соның ішінде жол, ауыз су мен экологиялық ахуалдың жөні бөлек. Алты валентті хроммен ластанып жатқан Елек өзені мен балшыққа айналып бара жатқан Шалқар көлінің жағдайы тағы да сөз болды бүгін. Кезінде керемет су көзі болған Шалқардың бүгінгі жағдайы сын көтермейтінін айтқан облыс басшысы, оны қалыпқа келтіруге 4,6 млрд теңге қаражат керектігін айтты. Қазір құжаттары қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жөнелтілген. Жол азабын тартқандардың да жағдайын жеткізуді ұмытпады Архимед Мұхамбетов Астанадан келген шенеуніктерге. Әсіресе, төрт ауданның үстімен өтіп жатқан Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолдың қауіпсіздігі алаңдататынын айтты. Тәулігіне жеті мың көлік жүреді осы бағытпен. Сапасы сын көтермейтін жолды жөндеу үшін республикалық қазынадан қаражат қарастыруды сұрады. Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған Қырымбек Көшербаев тиісті министрліктердің өкілдеріне айтылған ұсыныстарды ескеруді сұрады. Газдандыру және ауыз су жүйелерін тартуды қажет ететін елді мекендерді қаңтарда талқылануы тиіс ұсыныстар қатарына енгізуді тапсырды. |
Количество показов: 2364
Дата создания: 05.12.2012 19:29:53