Облыс әкімі Хромтауға барды
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов іс сапармен Хромтау ауданында болып бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Өңір басшысы бастаған жұмыс тобы алдымен осы шаҺардағы жақында ғана күрделі жөндеуден өткен көлік жолдарының жай-күйімен танысты. "ENRC Kazakhstan" ЖШС мен облыс әкімдігі арасындағы меморондумға сәйкес Хромтау қаласында 20 көшеге күрделі жөндеу жүргізілген. Аталған компания осы мақсаттарға 230 млн. теңгеден астам қаржы бөліпті. Ал құрылыс жұмыстарын толықтай "КТП" ЖШС өз мойнына алған. Балабақша құрылысына да қажетті қаражатты "ENRC Kazakhstan" ЖШС берген. Аталмыш жоба мемлекеттік "Балапан" бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Жалпы соңғы 3 жылдың өзінде осы бағдарлама шеңберінде Хромтау ауданында 8 мектепке дейінгі мекеме іске қосылыпты. Алдағы уақытта олардың саны 15-ке жетпек. Ақтөбе балабақшамен қамту жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орында. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші өңірімізде 63,5 пайызды құрайды. "Балапан" бағдарламасы аясында облысымызда соңғы жылдары 133 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, 7 мыңнан астам сәби бақшаға орналасты. Бүгінгі Хромтауда бой көтерген балабақша да осы жақсы үрдістің жалғасы. Одан әрі өнір басшысы Хромтаудағы терможаңғырту бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты. Осы бағдарлама аясында қаладағы 5 үйге жөні түзу жөндеу жүргізілген. Бұл үйлердің барлығы да күрделі жөндеуден өтіп есік, терезе, шатырына дейін жаңартылған. Сондай-ақ жертөлесіндегі құбыр желісі мен электр жүйесіне де жөндеу жүргізілген. Осы мақсаттарға қазынадан 76 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Өңір басшысы одан әрі Никельтау ауылында болып, осы ауылдағы газ тарату желісінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл өңірді газдандыру жұмыстары 2011 жылы басталған. Газ құбырының ұзындығы 38 шақырым. Жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан 410 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Осылайша 1000-нан астам тұрғыны бар никельтаулықтар көптен күткен көгілдір отынға да қол жеткізді. |
Количество показов: 2423
Дата создания: 23.10.2012 11:54:16