Оқушылар үш күндік әскери өмірді бастан кешіреді
Бүгінгі оқушы - ертеңгі жауынгер. Болашақ сарбаздарды әскери өмірге алдын-ала бейімдеу үшін бүгін облыстың әскери-патриоттық клубтары арасында спартакиада басталды. Алға, Хромтау, Қарғалы және Мұғалжар аудандарының, қала мектептері мен облыстық әскери-полициялық мектеп-интернатының оқушылары үш күн бойы сарбаздарша тамақтанып, әскери тәртіпте өмір сүреді. Әскери-қолданбалы спорт түрлерінің спартакиадасына облыстың ең үздік деген әскери-патриоттық клубтары жиналған. Сондықтан, Қарғалы ауданының "Сұңқар" клубы, алғалық "сұлтандар", Хромтаудың "Қаһарманы" мен Мұғалжар ауданының намысын қорғай келген ақкемерлік "Отан" клубының сарбаздары үш күн ішінде саптық дайындықтың жоғарғы шеберлігін көрсетуге барынша тырысуы тиіс. Қалалық №33 және №51 мектептердің шәкірттері де намысты қолдан бермеуге бекініп отыр. Ал Есет батыр атындағы облыстық әскери-полициялық мектеп-интернатынының тәрбиеленушілері жарыстың қай түрінен болмасын қарсыластардан қара үзіп кетуге әзір. Әскери-қолданбалы спорт түрлерінің спартакиадасы ертең де жалғасады. Оқушыларды пневматикалық қарудан оқ ату, 1 шақырымға жүгіру және гір көтеру сынақтары күтіп тұр. Айте кетер жайт, жарысқа "Пікір сайысшылардың республикалық қауымдастығы" демеушілік еткен. Қоғамдық бірлестік балалардың жатын орны мен тамағын толықтай қамтамасыз етіп отыр. |
Количество показов: 2647
Дата создания: 02.11.2012 18:57:51