Өнер мұражайы қоныс аударды
Облыстық көркемсурет және сәндік қолданбалы өнер мұражайы жуырда қоныс тойын тойламақ. Бұрынғы АХАЖ бөлімі отырған ғимарат мәдениет мекемесіне бұйырды. Өнер ордасы атқарушы биліктің мұндай тосын сыйын күтпесе керек. Қазір мұражай басшылығы көшпелі көрмені өткізуге әзірленіп жатыр. Ол- жаңа ғимараттағы бірінші жаңалық болмақ. Облыстық көркемсурет және сәндік қолданбалы өнер мұражайы 30 жылдан астам тарихы бар мәдениет ошағы. 1981 жылы шағын ғана көрме залы болып ашылғаннан бастап қаланың ескі бөлігіндегі көп қабатты үйлердің бірінші қабатын паналап келген болатын. Алты жыл бұрын "мұражай" мәртебесін алды. Жыл сайын бірнеше мәрте әртүрлі деңгейдегі көрмелер ұйымдастырылды. Экспонаттар да көбейді. Ауқымды шаралар өткізгенде залдың таршылығы байқалып қалатын. Мұражай басшылығы ғимараттың қажеттілігін айтып, билік басындағыларды құлағдар еткен болатын. Сол тілек орындалды. Қалалық АХАЖ ғимараты - толықтай өнер мұражайының иелегіне берілген. Қоныс аударғанына- бүгін екінші апта. Қалалықтар әлі күнге дейін бұрынғы әдетімен мұнда АХАЖ-ды іздеп келіп жүр. Мәдениет мекемесі көшіп-қонып жатыр әлі. Ең басты құндылық- картиналарды арнайы сақтау бөлмесіне жинап қойған. Мұражайдың қорында 3 мыңнан астам туынды бар. Екінші қабаттағы бұрынғы неке қиюға арналған зал енді үлкен көрмелерді өткізетін орынға айналады. Бірінші қабаттан көрмені тамашалауға келгендер ақтөбелік суретшілердің туындыларын көре алады. Мұражайдың ғылыми қызметкері Жанар Мақсұтованың айтуынша, жаңа ғимараттың артықшылығы көп. Бұрынғы көрме залынан аумағы жағынан екі есе үлкен. Енді бұрынғыдай туындыларды жинап жатпай-ақ бірнеше көрмені қатар өткізуге мүмкіндік бар. Ғимарат картиналарды сақтауға барлық жағынан талаптарға сай келеді. Алдағы жылы ғимаратқа толықтай күрделі жөндеу жүргізіледі. Мұражай жанынан көркемсурет студиясын ашу жоспарда бар. |
Количество показов: 2628
Дата создания: 22.10.2012 19:39:01