Нашақорларға жағдай жасалады
Алдағы уақытта үкімет нашақорларға метадонды тегін үлестірмек. Алайда, есірткінің баламасы болып саналатын бұл дәріге екінің бірі қол жеткізе бермейді. Қараша айынан бастап берілетін метадон қаламыздың 25 нашақорына ғана жеткілікті. Метадон органикалық қоспа, адам ағзасына қатты әсер ететін синтетикалық есірткі дәрі-дәрмегі. Метадон сондай-ақ героин және басқа да есірткіге тәуелді жағдайларда ең тиімді емдеу әдісі ретінде танымал. Бұл қоспа нашақорлыққа қарсы күрес бағдарламасы аясында алғаш рет 1960 жылы АҚШ-та қолданысқа енгізілген. Ал біздің елімізде бұл әдіс медицина саласында соңғы жылдарда ғана пайдаланылып келеді. Есірткіге еліткен жандардың жанына жылу, бойына қуат беретін метадонның бағасы да арзан емес. Кез-келген қарашаның қалтасы көтере бермейтін бұл дәріні енді ақтөбелік дәрігерлер нашақорларға тегін таратамыз деп отыр. Дәрігерлер метадонды тегін үлестіру арқылы қан арқылы жұғуы мүмкін түрлі дерттерге дер кезінде тосқауыл қоямыз деп отыр. Осылайша ақ халаттылар 25 нашақорға берілетін метадонның көмегімен СПИД, ВИЧ сынды қатерлі аурулардың алдын алмақ. Метадонды тегін беретін мұндай орталық қаламыздың қақ ортасындағы Қобыландин көшесінде орын теппек. Ақтөбеде қазір 2000-ға жуық нашақор тіркелген. Бұл тек ресми дерек қана. Ал құзырлы орын өкілдері болса болашақта Қобыландин көшесінде орналасуы тиіс бұл орталықтың сол аудан тұрғындарының қауіпсіздігіне еш нұқсан келтірмейтіндігіне сендіруде. |
Количество показов: 2577
Дата создания: 23.10.2012 11:53:06