Металлургтер баспаналы болды
"Батыс-2" ауданында тағы бір үй бүгін пайдалануға берілді. Бір мезетте 60 отбасына баспаналы болу бақыты бұйырды. Қуаныш иелерін атқарушы билік өкілдері құттықтай келді. Пәтер жалдап, көшіп-қонудан шаршағандардың бірсыпырасының бүгін мәселесі шешілді. "Казхром" ТҰК" АҚ 2006 жылдан бері құрылысы жүріп жатқан үйді бүгін пайдалануға берді. 10 қабатты 120 пәтерлік үйді компания 691 млн, теңгеге тұрғызыпты. Баспаналы болу бақыты 60 адамға бұйырды. Барлығы да - "Ақтөбе ферроқорытпа зауытының" үздік, еңбегі сіңген қызметкерлері. Зауыт директоры Мұрат Мұқашевтің айтуынша, қалған 60 пәтер жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйымның қызметкерлеріне уақытша берілген. Трансұлттық компания бұл үйді "Тұрғын үй" бағдарламасы аясында өз қызметкерлеріне арнап тұрғызған. Жұмысшылар 15 жылға несиеге алды. Бір артықшылығы- бір пайыздық үстемемен өтейді. Әрбір шаршы метрінің құны- 80 мың теңге. Салыстырмалы түрде, пәтерге қол жеткізе алмай жүргендер үшін бұл әлдеқайда ыңғайлы. Қуаныш иелеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Әбідбеков қоныс жайлы болсын айтты. Тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап компания Қарағанды, Павлодар және Ақтөбеде жұмысшыларына арнап барлығы 12 үй тұрғызған. |
Количество показов: 2095
Дата создания: 23.10.2012 11:54:26