Мәжіліс депутаттары "Батыс Европа-Батыс Қытай" көлік дәлізінің құрылысымен танысты
Кеше мәжіліс депутаттары Глеб Щегельский мен Юрий Тимошенко өңірімізде құрылысы қызу жүріп жатқан Батыс Европа - Батыс Қытай магистралының жұмысымен танысты. Қазір осы күре жолды Самара-Шымкент бағытындағы тас жолмен жалғайтын аспалы көпір салынуда. Аталмыш жобаға биыл қазынадан 5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ұзындығы 39 метрді құрайтын айналма көпір келер жылы іске қосылмақ. Аталмыш нысан Батыс Европа - Батыс Қытай көлік дәлізіне Самара-Шымкент бағытындағы тас жолдың 716 шақырымында қосылады. Одан әрі мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Хромтау ауданында болды. Халық қалаулылары өз сапарларында осы аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Депуттар алдымен Хромтаудағы жақында ғана терможаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен 5 көп қабатты тұрғын үйдің жағдайымен танысты. Аталмыш үйлерді жаңартуға бюджеттен 76 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Халық қалаулылары бас сұққан келесі нысан осы қаладағы "Ақтөбе нан өнімдері комбинаты" ЖШС. Нан өнімдерін өндірумен айналысатын бұл шаруашылықтың іргетасы 2009 жылы қаланған. Кәсіпорын қазір күніне 200 тонна ұн, 50 тонна макарон өнімдерін шығарады. Қазір кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің батыс аймақтарына саудалауда. Мұнда шығарылатын нан өнімдерінің бағасы да арзан. Себебі басты шикізат - бидай серіктестіктің өз жерінде өсіріледі. Сондай-ақ осы өндіріс ошағының арқасында 200-ден астам хромтаулық тұрғын екі қолға бір күрек тапқан. Мәжіліс депутаттары одан әрі Хромтау қаласындағы Дөң кен-байыту комбинатына тиесілі сауықтыру және дене шынықтыру орталығында болды. Кешен 2001 жылы Елбасымыздың қатысуымен іске қосылған. Күніге 1000-нан астам адам келіп жаттығатын бұл орталықта воллейбол, баскетбол, теннис алаңдарынан бастап жүзу бассейндеріне дейін бар. |
Количество показов: 2276
Дата создания: 27.11.2012 19:00:36