Мүгедек әйелге арба тарту етілді
Бүгін екі аяғынан бірдей айрылған 35 жастағы Әлия Әбеноваға арба сыйланды. Тұрақты баспанасы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатқан ол өткен қыста аяғын үсіріп алған. Әлияның өмірге құштарлығы мен болашағына деген сенімін арттыру үшін "Қызыл ай" қоғамы оған бүгін арба мен киім-кешек тарту етті. Өмірден көп тауқымет көрген жан өткен жылы ешкімге керексіз болып далада қалыпты. 2 жасында анасынан айрылған ол, үш сыныптық қана білім алған. 2011 жылы оны бірге тұрып жатқан күйеуі үйінен қуып жіберген. Ішкілікке салынған Әлия теміржол вокзалының маңын паналапты. Ең қорқыныштысы жарымжан жан енді өз аяғымен жүріп-тұра алмайды. Бірақ, арбада отырып-ақ киім пішіп, еңбек еткісі келеді. Айта кетерлігі, Қызыл ай қоғамына киім-кешектер енді алыс шет елдерден жеткізілмейді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, дамыған 50 елдің қатарына қосылу үшін киім-кешектер өз ішімізден жиналуы тиіс. Жыл басынан бері Ақтөбеде 260 келіге жуық аяқ киімдер мен ойыншықтар, жылы киім-кешектер қоғамның қоймасына тапсырылыпты. |
Количество показов: 2513
Дата создания: 17.10.2012 18:54:26