Комсомолда Алла үйі ашылды
Бүгін Әйтеке би аудандық орталық мешіті пайдалануға берілді. Комсомол селосындағы алғашқы мешіттің ашылу рәсіміне қыруар халық қатысты. 100 адамға лайықталған Алла үйінің құрылысына 67 млн теңге жиналып, толықтай игерілген. Сәулеті "Нұр ғасыр" мешітіне ұқсас ғимаратты "Бөбек құрылыс" ЖШС-гі 8 айдың көлемінде толық салып біткен. Сән салтанаты келіскен мешіт тоғыз жолдың торабындағы Комсомолға ерекше көрік беріп тұр. Ақсақалдар бұл рухани орталық енді жастарға салауатты тәрбие беріп, теріс ағымдардың ықпалынан сақтайтынына сенімді. Мешіт құрылысына қажетті қаражат жергілікті тұрғындар мен Әйтеке би өңірінен шыққан азаматтардың есебінен жиналды. Оған "Көркейе бер туған жер" акциясының да үлесі бар. Бұл жұмыстарды жеделдетуді аудан әкімі Аманғали Бердалин өзінің басты міндеттерінің қатарына қойды. Жобаның авторы - ақтөбелік сәулетшілер. Комсомолдықтардың қуанышына ортақтасуға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов мешітке облыс әкімінің атынан жеңіл автокөлік сыйға тартты. Мешіттің бас имамы 8 тілді еркін меңгерген Дайрабай қажы Рыспай. Бұрын Қызылорда облысының имамы болған. Жақында қажы баспаналы болмақ. Айта кетерлігі, мешіт ашылуында аудандағы жақсы оқитын бір оқушыға облыс әкімі атынан компьютер, аз қамтылған 10 отбасыға "Отау" спутниктік құрылғысы сыйға тартылды. Деректерге сәйкес, облыста 68 мешіт тіркелген. Ал, ел көлеміндегі мешіттер саны - 2200ден артық. Облыс халқының 3/2-сі мұсылмандар. Мешіттің жамағатына батасын берген облысымыздың бас имамы Әбдумүтәлі Дәуренбеков былтыр өңіріміздегі мешіттерге жоғары білімді 19 жас имам қызметке тартылды деп ағынан жарылды. |
Количество показов: 3082
Дата создания: 07.12.2012 19:32:01