Еңбекке құштар жастар марапатталды
Бүгін қалада студенттік құрылыс және "Жасыл ел" көгалдандыру жасақтарының 7-облыстық слеті өтті. Онда биыл жаз бойы еңбектенген 5000-ға жуық жас марапатталды. Елде студенттік құрылыс отрядтары, "Жасыл ел" көгалдандыру жасағы Ақтөбе жастары бастамасымен құрылды. "Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі" марафон-акциясы елбасы қолдауына ие болды. 16-қарашада Астанада өткен "Жас Отан" жастар қанатының екінші съезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев ақтөбелік студенттердің бұл еңбегін ерекше атап өтті. Студенттердің жұмыс күшін пайдалану идеясын біздің жастар 2005-ші жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бастапқыда 600-дей студент жұмысқа араласқан болса, биыл 5000-ға жуық жас құрылыс отрядтары мен "Жасыл ел" жасағы құрамын толтырды. Жаздың 3 айында тынбастан тер төккен студенттерді бүгін облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова марапаттады. Белсенді еңбектенген жастарға ұялы телефондар, сандық фотоаппараттар сыйға тартылды. Дәл осы слет бүгін алты ауданда да өтті. Ауыл жастары да дәл осындай сый-құрметке ие болды. Бұл жастар күн жылынысымен қала, елді мекендерді күл-қоқыстан тазартып, көгалдандырумен айналысады. Мектеп, балабақша, спорттық нысан құрылыстарына атсалысады. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық дәлізінің құрылысына да биыл 130-дай студент қатысып, болашақтың жобасына атсалысып жатыр.
|
Количество показов: 2133
Дата создания: 29.11.2012 18:34:32