ҰБТ оқушыларды күйзеліске ұшырата бастады
11-сынып оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеу сынағымен үркітуге болмайды. Керісінше, сын сағатына жан-жақты дайындап, психологиялық қолдау көрсету керек. Бүгін облыстық оқу-әдістемелік орталығының мамандары қала және аудан мектептерінің мамандарына дәріс оқыды. Бірінші кезекте, ҰБТ-дан бұрын, ұстаздар қауымы оқушының мамандықты дұрыс таңдауына көмектескені жөн. Баланың мүмкіндігін, қабілетін ескеру керек. Білім сынағына дейінгі және кейінгі жағдайына-мұғаліммен бірдей, ата-ана да жауапты. Олар баланың бір сәт бос уақытының өзін тестке дайындал деп, шектемеуі тиіс. Жіті қадағалау мен тынымсыз дайындық баланың бойында үрей туғызып, соңы өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаруы мүмкін дейді психологтар. Ондай қайғылы жағдайлар былтыр біздің облыста да тіркелген. Облыстық оқу-әдістемелік орталықтың әдіскер-психологы келтірген дерек жаға ұстатарлық. 20 баланың өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылғаны- ойлантатын сауал. ҰБТ десе оқушылардың ойына үрей, үміт, күдік, қорқыныш қатар келеді. Оны психологтар да жоққа шығармайды. Соны жеңу үшін не істеу керек? Аудан мен қала мектептерінен келген мамандар бүгін осы сұрақ төңірегінде ойларын ортаға салды. Үйге келсе ата-анасы, мектепте-ұстазы, оқушының ойында-қайтсем жоғары балл жинап, олардың көңілін қалдырмаймын деген ой жүреді. Ең зоры - "сынақтан өте алмасам ше?", "үмітті ақтамасам ше?" деген сауалдар. Баланың жеке басының психологиялық қысымға түсуіне жол берілмеу керек. Алдағы уақытта оқу-әдістемелік орталығы он бірінші сынып оқушыларымен әңгімелесіп, сауалнама жүргізбекші. Нәтижесін білген соң, дайындық кезінде оқушылардың өз мінез-құлқын және эмоциясын басқаруға үйретіп, өзіндік "менін" бағалау деңгейін арттыру, қобалжу секілді сезіммен күресуге үйретпек. |
Количество показов: 3481
Дата создания: 30.10.2012 20:05:34