Билік партиясының өкілдері базардағы ет бағасына мониторинг жасады
Еттің бағасы халыққа қаншалықты қол жетімді? Бүгін билік партиясының бағалар мониторингі бойынша рейдтік бригадасы орталық базар мен "Ануар" супермаркетіндегі еттің құнын қарап шықты. Халықтың көбі етті орталық базардан алады. Билік партиясы бақылаушыларының алдымен осында келуі де сондықтан. Ет сататын сөрелер бүгін лық толы. Сиыр етінің келісі 1 мың теңгеден жоғары. Сұйық тамаққа жарап қалатын, еті аз сүйектерді саудаласып, 900 теңгеге алуға болады. Қой еті 1,000-1,200 теңгеден. Таңдау мол. Базардың ветеринарлық зертхана директоры алдамаса, бұл жерде сатылатын еттің басым бөлігі - жергілікті өнім. Жылқы етінің келісі бүгін таңертең 1,400-1,500 теңгеге саудаланды. Қазыға айналдыратын майлы етті саудагерлер 1,600 теңгеден түсірмей сатып жатыр. Құс еті де назардан тыс қалмады. Сойылып, тазартылған бір қаздың бағасы базарда - 4,000-4,500 теңге, үйрек - 2,500, ал тауық - 1 мың теңге. Шошқа етінің келісі 850-950 теңгенің аралығында. Балықтан - сазан келісіне 320 теңге, көксерке - 600 теңгеден сатылып жатыр. Ырғыздың ірі балықтарын 320-350 теңгеден аласыз. Базарға үнемі барып, ондағы бағаны білетіндер бүгінгі рейд кезінде қойылған құнды алдамшы дейді. Айтуларынша, бақылаушылар кетісімен, бағалар өзгертілген. Баға жазылған қағазды шатастырып алған саудагерді біздің де көзіміз шалды. Сауда нүктелерін аралап шыққан рейдтік бригада мүшелерінің базардағы бағаға көңілі толды. Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Қалмұрат Нұрымовтың айтуынша, мұндағы еттердің құны үкімет бекіткен бағамен бірдей, демек халыққа қолжетімді. Орталық базардан кейін, билік партиясы қызметкерлерінің рейді Шернияз көшесіндегі "Ануар" супермаркетінде жалғасты. Желілік сауда нүктесінде ет өнімдеріне таңдау жоқ. Сөреден тек шағын сиыр етінің сүбесі көрінді. Мұның бағасымен де келісті сарапшылар. Олар ендігіде сауда нүктелеріндегі сүт және ұн өнімдерінің құнын саралауға шығатын болды. |
Количество показов: 2639
Дата создания: 20.11.2012 18:57:01