Бүгін жол полициясы қызметкерлерінің төл мерекесі
Бүгін жол полициясы қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыдан 20 жыл бұрын ҚР Министрлер Кабинетінің бұйрығымен мемлекеттік жол инспекциясы құрылған болатын. Сол уақыттан бері елімізде 23 - қараша жол сақшыларының кәсіби мерекесі ретінде жыл сайын тойланып келеді. Айтулы мерейтойларын бүгін ақтөбелік жол инспекторлары да жоғары деңгейде атап өтті. Қазір облыстық ІІД-не қарасты жол полициясы басқармасында 300-ге жуық жол сақшысы қалтқысыз қызмет етуде. Ақтөбелік полицейлердің қатарында өз басын қауіп-қатерге тігіп, қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған азматтар да аз емес. Соңғы 4 жылдың өзінде 3 ақтөбелік жол полицейі қандықол қаскөйлердің қолынан қаза тапқан. Бүгін қыршынынан қиылған қызметкерлерінің құрметіне әріптестері 1 минуттық үнсіздік жариялап, рухтарына тағзым етті. Жол полицейлерінің қызметі жөнінде қоғамда әртүрлі пікір қалыптасқан. Алтын көрсе біздегі жол инспекторлары жолдан таяды деген түсінік әлдеқашаннан бар. Алайда мұндай пікірді ақтөбелік сақшылар мүлдем жоққа шығарды. Егеменді еліміз "Мемлекеттік автоинспекция туралы ережені" алғаш рет 1992 жылы қарашаның 23-інде бекіткен. Ал 1996 жылдың қаңтарында Мемлекеттік автоинспекция атауы өзгертіліп, Жол полициясы деп атала бастады. Қазіргі жол полицейлерінің ең негізгі міндеттері - қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Айта кетейік, жол полициясы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер» тізімінде ресми түрде бекітілмеген. |
Количество показов: 3174
Дата создания: 23.11.2012 18:58:08