Ауыл өнімдері жәрмеңкеге қойылды
Өткен сенбіде Ақтөбеде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай "Табыс" коммуналдық базарында жәрмеңке өтті. Шараға облысымыздың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты. Жәрмеңкеге келушілер шаһар тұрғындарына 17 тонна ет, 21 тонна картоп және көкөніс өнімдерін ұсынды. Бұл күні халыққа сатылған өнімдер қаланың басқа сауда нүктелерінің бағамдарына қарағанда 10-20 пайызға төмен болды. Тұрғындарға ұсынылған азық-түлік түрлері де әртүрлі. Мәселен бірқатар аудандар картоп және көкөніс өнімдерімен шектелсе, енді бірі тек ет өнімдерін ғана саудаға шығарды. Жәрмеңкеге жиналғандардың қатарында ірі қара малды тірілей саудалап жатқандар да бар. Сондай-ақ жәрмеңкеде қаладағы бәсекеге қабілетті және жоғары сапалы өнім өнідушілер арасында байқаулар ұйымдастырылды. Сондай сайыстардың бірі Бауырсақ байқауы. Оған шаһарымыздағы белгілі 12 мейрамхананың аспаздары қатысып, өздерінің технологияларымен дайындаған бауырсақтарын ұсынды. Байқау соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар қазылар алқасының қолынан түрлі бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ шара барысында үстіміздегі жылы ең жоғарғы өндірістік көрсеткішке қол жеткізген кәсіпорындар мен өңіріміздің ауыл шаруашылық қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Оларды облыс әкімінің өзі құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады. |
Количество показов: 2319
Дата создания: 19.11.2012 18:16:52