Қаржы полициясының бұрынғы қызметкері 10 жылға сотталды
Жас маманның мансабына балта шабылды. 29 жастағы Александр Госсен облыстық экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі қызметінде болатын. Ол Ақтөбе және Хромтау қалаларындағы астыртын казиноларға қатысты қылмыстық істерді тергеумен айналысқан. Қаржы полицейі таңдаған жолынан тайқыды. Дәлірек айтқанда, 30 мың АҚШ долларының арбауына түсті. Осыншама ақшаны ол қаржы жымқыруға қатысты қылмыстық істі жабу үшін күдікті әйелден талап еткен. Жеке фирмалардың бірі өз қызметкерін 4 миллион теңге жымқырды деп айыптайды. Тергеуші Госсен болса, күдікті келіншекке істі жауып тастауды ұсынады. Ол өз қызметін 30 мың АҚШ долларына бағалайды. Өз басы саудаға түсіп жүрген әйел пара сұраған қаржы полициясын ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне ұстап берген. Судья да парақор қаржы полицейін аямады. Ауыр жазалады. Госсен шілде айында әйелдің қолынан 30 мың АҚШ долларын алу кезінде тұтқындалған. Іс тергелгеннен кейін Александр Госсенге қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталды, қылмыс рецидиві, айғақтарды жоққа шығару сынды бірнеше баптар бойынша айып тағылды. Мәселен, ол казиноның нағыз иелерінің жауапкершілігін есірткі құмар әйелге арту арқылы жазықсыз адамды қылмыстық іске тартуға оқталған. |
Количество показов: 2338
Дата создания: 21.11.2012 19:04:33