3 қабатты тұрғын үй мұнайшылардың кәріз жүйесіне қосылады
312-ші атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы №1 "Б" үш қабатты тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын болды. Даңғыл бойындағы жаңа ғимараттарына кәріз желісін тартып жатқан "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-ның басшылығы "Көркейе бер, туған жер!" акциясы аясында үйді өз инженерлік коммуникациясына қосуға келісім берді. Бұрын адам басынан айына 600 теңгеден жинап, кәріз құдығын тазартуға тұрғындар күн сайын техника жалдап жүрген. Су сорғылайтын техниканың әр қатынауы 3500-4 мың теңге. 30 текше метрлік құдықтан күн сайын тек 10 текше метр су айдалып тұратын. Жаздан бері кәріз құдығы тазартусыз. Оның орнына тұрғындар құдықтан үйді айналдырып жыра жасап қойған. Су арықпен далаға ағып кетіп жатыр. Иіс қолқаны қабады. Бұдан тек осы үй тұрғындары емес көршілері де көп жылдан бері зардап шегіп келеді. Барлығының да қиыншылығы артта қалады. Құрылысшылар күні ертең іске кіріседі. 1 ай ішінде 435 метрлік кәріз желісі тартылады. Екі сорғы қондырылады. Диаметрі 200 мм полиэтилен құбырдан сағатына 11 текше метрден 64 текше метрге дейін су айдалады. Кәріз жүйесінің құрылысы қараша айының соңына дейін созылады. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ бұл құрылысқа 10 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсайды. Үйлер орталық кәріз жүйесіне жаңа жылға дейін қосылып болады. |
Количество показов: 2318
Дата создания: 31.10.2012 19:05:49