2013 жылға арналған облыстық бюджет бекітілді
Ақтөбенің өз шыны зауыты болады. Оған қоса бірнеше өндіріс ошақтарының құрылысы қарқын алғалы тұр. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезекті жетінші сессиясына қатысқан облыс басшысы Архимед Мұхамбетов мәлімдеді. 2013 жылға облыстық бюджетті бөлу кезінде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Келесі жылға облыстың керегіне жұмсалатын қаржы - 30,4 млрд теңге. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ғани Тасмағанбатев облыстық мәслихат депутаттары мен облыс әкімінің алдында қай салаға қанша қаржы құйылатынын бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Алдағы жылға 36 млрд теңгенің көлемінде қаржыны қажет еткен өтінім қаралған. Аптаның басында облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев шағын қалаларды дамытуға көңіл бөлуді тапсырған еді. Осы мақсатқа 138 млн теңге қарастырылған. Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 2013 жылы кезек Алға мен Шалқар қалаларына келетінін айтты. Қалаішілік жолдар жөнделмек. Он айдың қорытындысы бойынша облыстың дамуына Архимед Мұхамбетов жақсы баға берді. Алаңдататын жағдайды да бүгіп қалмады. Ауылдық жерлерде мал басының саны күрт азайған. "Мәселені жылы жауып қою үшін, тіпті жергілікті жерлердің әкімдері ірі қараның санын қосып жазып жіберген кездер де болды" деді облыс әкімі. Олқылықтың орнын толтыру келесі жылы жолға қойылады. Аудандарда ірі қараны асылдандыру бағдарламасын жандандыру қолға алынбақ. "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы әрі қарай жалғасын табады. "Көркейе бер, туған жер" акциясына қатысушылар болса бюджеттің қаржысы жетпей қалған салаларға қосымша көмек көрсетеді. Сырттан инвестиция тарту да естен шығарылмайды. Қаңтарда облыс әкімі Башқұртстанға барады. Ауыл шаруашылығы мен мұнай химиясы саласында әріптестік орнату жоспарланып отыр. |
Количество показов: 2292
Дата создания: 07.12.2012 19:33:21