11 инвестициялық жоба талқыға салынды
Бүгін қалалық әкімдікте инвестициялық жобаларды қарау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала әкімі мен комиссия мүшелері 11 жаңа жобамен танысты. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындау жөнінен Ақтөбе көштен қалған жоқ. Биылға жоспарланған 7 жобаның екеуі жүзеге асты. Барлық жобаның жалпы құны - 871 млн теңге. Аз қаражат емес. Кәсіпкерлер қаржы құярда бірінші кезекте, Ақтөбенің әлеуетін ескеріп отыр. Жергілікті атқарушы биліктің миллион тұрғыны бар қала мәртебесін иемденуді мақсат тұтқанын кәсіпкерлер де ұмыт қалдырмапты. Бүгін инвестициялық жобалар жөніндегі комиссияға ұсынған жобаларынан бұл анық аңғарылды. "Мега менеджмент" пен "Ортех инжиниринг" ЖШС-тері бірлесе отырып "Ақтөбе респорт спа" кешенін тұрғызбақшы. Қала әкімі Ерхан Омаров жоба құптарлық деп бас изегенімен, әдемі көрініс, балалар аттракционы, жасыл желек тек слайд жүзінде қалмауы керектігін айтты. Комиссияға мұнан өзге 10 жоба ұсынылды. Оның екеуі- сусын, ауыз су шығаратын зауыттар ашуға негізделген. "Идеалинвест" ЖШС алдағы уақытта "Хрустальная" ауыз суын шығарумен шектеліп қалмай, шырындар өндіруді жоспарлап отыр. Алматылық "Рикс ЛТД" зауыт ашып, 500 адамды жұмыспен қамтуға ниетті. Өндірістік қуаттылығы- жылына 120 млн литр су мен сусын. Жеңіл өнеркәсіптен бөлек, дизель отынын, темірбетон, жылуды сақтайтын құбырлар шығаратын зауыт ашу жөніндегі ұсыныстар да талқыланды. "Қарғалы жол құрылыс сервис" ЖШС бетон өндірісімен айналысады. Қарғалыдан зауыт ашуды жоспарлап отыр. Егер іске қосылса, айына 900 текше метр бетон өндірмек. |
Количество показов: 2475
Дата создания: 19.10.2012 19:18:37