Тайып құлап, жарақат алғандар көп
Облыстық жедел жәрдем ауруханасында таң атқаннан дүрбелең. Мұзға тайып құлап, майып болып жатқандар өте көп. Зардап шеккендерді әлсін-әлсін жедел жәрдем көлігімен әкеліп жатыр. Жарақаты жанына батып, өздері жеткендер де бар. Травматологтар бәрін қабылдап үлгермей жатқан соң, өзге бөлімдерден мамандар көмекке келді. "Табыс Ақтөбе" мекемесіндегілер қалада жаяу жүргіншілер жолына таңнан бері құм себіліп жатыр дейді. Алдымен мектептер мен балабақшалар маңына, кейін орталық көшелердегі тротуарларға, жаяу жүргіншілер жолақтарына құм төгілген. Тротуарларға себіліп жатқан еш қоспасыз, таза құм. Қар астындағы топырақты және жаяулардың аяқ киімін бүлдірмеу үшін биыл тұз аралас құм шашудан бас тарттық, дейді коммуналдық мекеме өкілі. Ол сондай-ақ, мекемелер мен ұйымдардың айналасындағы аумақтың тазалығына жауапты екенін еске салды. Әр мекеме есік алдындағы бес метр аумақтың мұзын ойып, қарын тазартуы керек. Қаланы көгалдандыру және абаттандыру ережесінде солай жазылған.
Количество показов: 1586
Дата создания: 20.03.2018 18:26:29