Бектердің бегі
«Эврика» продолжает публикацию отрывков из книги экс-акима Актобе Каиркожи ЕЛЕУСИЗОВА «Екі дәуірдің тоғысында / На стыке двух эпох». Главы книги опубликованы на казахском и русском языках.
Жеті атасын білмеген - ұл жетесіз,
жеті ғасыр тарихын білмеген - ел жетесіз.
Халық нақылы
Аллаға шүкір, қатардан қалмай балалық, жастық шағымызды алаңсыз өткіздік. Жоғары білім алып, күш-қуатымызды ауыл шаруашылығын дамытуға арнадым. Кеңшар, аудан басқардым, Ақтөбе облысының басшылығында лауазымды орынтақтарды иелендім. Шаңырақ көтердім, ұлқыздан немерелер сүйдім. Жүрген, болған орталарда бұқарамен тіл табысып, абырой биігінен көрінгенімді Тәңірінің берген сыйы деп түсінемін.
Ұзақ жылдарғы еңбектің жемісімен 2013 жылы зейнет демалысына шықтым. Қайсыбір тұрғыластарым тәрізді қадари-халімше жұмыс істеуге де болатын еді. Олай етпей бос уақытымда бала-шағаны тәрбиелейінші деген ұйғарымға келдім. Сонымен бірге шама-шарқымша тарихи әдебиеттерді, ғылыми кітаптарды оқуға ден қойдым. Сөйтсем қызмет барысында кеңестік идеология құрсауында қалып, дүниетанымымыз шектеулi күйде қалыптасыпты.
Еліміздің тәуелсіздік алуы нәтижесінде ата-бабаның ежелгі тарихына терең бойлаудың мүмкіндігі туды. Рафих Темірғалиевтың «Ақ орда», «Қазақ хандығының тарихы» кітаптарын, Лев Гумилевтің, Мурад Аджидың еңбектерін оқу арқылы күні кешеге дейін айтылмай келген сырларды ойға түйдік. 1944 жылдың 9-тамызында қабылданған И.В.Сталиннің қаулысымен көптеген құнды жәдігерлерде баяндалған нақты шындықтарға “Хандық-феодалдық заманды аңсау» деген жиіркенішті баға беріліпті. Осылайша Алтын Орданы үзіліссіз 17 жыл билеп, күллі Әлемді мойындатқан, өжеттігімен «Беклербек» (Бектердің бегі) атанған ұлы қолбасшы Ер Едігені санамыздан өшіре жаздаппыз. Ұлылықтың жарқын көрінісі емес пе-тек біз емес, күллі түркі жұрты, ноғайлар, башқұрттар және басқа халықтар ғажайып тұлғаны ғасырлар бойы жырға қосып, аңыз-әпсаналарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізгені.
Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Бейсенбай Кенжебаев және басқа ұлыларымыз осы тақырыпқа қалам тербеген.
Бұл ретте көз майын тауысып, архивтер мен музейлердегі шаң басқан қолжазбаларға үңілген, сөйтіп ақиқатты айқындаған ғалымлар мен зерттеушілерге бас июге тиістіміз. Атағы аспандаған Едігенің емірбаяны ұлан-байтақ қазақ даласымен астасып жатыр екен. Қазіргі мегаполисымыз Шымкенттің іргесіндегі Құмкентте дүние есігін ашып, өзімізді Ақтөбе облысының аумағында Мәртөк жерінде кескілескен шайқастарды (бірінде қаза табуы, Байғанин ауданына қарасты жотада жерленуі ғажап емес пе?!
Әрбір ақтөбеліктің көкірегіне мақтаныш ұялатар жай.
Әруағынан айналайын Едіге бабамызға деген сүйіспеншілік сезімдер көңіліме осылай қонақтағаны рас. Тарих көмбесінде ашылмай жүрген құпияны бұқараға тынымсыз еңбегімен жеткізген үлкен-кіші археологтардың жанкешті әрекеті қоғамда үлкен өрлеу туғызды. Және бір айтарымыз - филология ғылымдарының докторы, профессор, көптеген тарихи тұлғаларды ұрпағымен қауыштырған Жұманазар Асановтың Едіге батыр алдында сіңірген еңбегі айтарлықтай зор. Қасына Ислам Иманов, Мұздыбай Сәңкібаев сияқты түсінігі мол азаматтарды ертіп алып, ерінбей-жалықпай Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарын аралады. Қалалар мен ауылдарда тұрғылықты халықпен кездесулер өткізіп, қолында бар картографиялық-геодезиялық құжаттарды, ғылыми-тарихи еңбектерді, мерзімдік баспасөздегі жарияланымдарды жұртшылық назарына ұсынды. Мұндай шаралар нәтижесінде ел қамын жеген Едігені тек бір рудың немесе ауыл-ауданның аумағындағы түсініктен арылтудың алғышарттары жасалды.
Жұманазар Ақтөбе қаласында тұратын менімен кездесіп, өз тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады. Мәселе ұлы баба ғұмырымен ерлік істерін әлдеде терең зерттеп, Ақтөбе қаласында ғылыми-практикалық конференция өткізуге, облыс орталығының көрнекті алаңдарының бірінде ескерткішін орнатуға тірелді. Ауқымды шаруаға жоғарғы атқарушы биліктің назарын аудару қажет. Көп нәрсе қаржыға байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Асанов менің мемлекеттік қызмет органдарында ұзақ жылдар абыройлы жұмыс істегенімді бетке ұстап, Банктердің бірінде қайырымдылық қорын ашуды, соған өзімнің төрағалық етуімді ұсынды. Ойландым. Игілікті шаруа, келешек ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге септігі тиер іс. Дегенмен ең алдымен кеңсе қажет, арнайы көлік болса тіпті дұрыс. Ақырында менің таңдауым елге танымал азамат Ахат Мырзалинге түсті. Комсомол, партия құрылымдарында жауапты қызметтерде болған, Темір ауданының әкімі міндетін үзіліссіз 10 жыл атқарды, зейнет демалысына шыққан соң Ақтөбе қаласына көшіп келді, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланған соң арнайы қызметтік бөлме мен жеңіл автокөлік берілген. Ekeyiмiз кала Әкiмi Iлияс Испановка кірдік, мән-жайды баяндадық. Шахар басшысы түсіністікпен қабылдады.
Банкте ашылған қайырымдылық қорының төрағалығына Ахат Мырзалин лайықты деп танылды, мен – қордың қамқоршылық кеңесіне жетекшілік ететін болдым.
Шынын айтайын, бұрыннан сыйласып-араласып жүрген, жасымыз да, ойлау көкжиегіміз де деңгейлес екеуміздің осылай міндет бөлісуіміз оңды қадам болды. Ортақ мүдде тұрғысында кімге, қандай қызметтегі адамға кірсек те кедергілер кезіккен жоқ, үлкен-кіші замандастар оң қабак танытты, қолдан келгенше жәрдемін жасады. Ең алдымен облыс әкімінің сол тұстағы бірінші орынбасары Рахат Сыдықовтың, «Дару» емдеу мекеменің бас дәрігері, кейін Парламент Мәжілісіне депутат болған, қазіргі күнде облыс әкімінің орынбасары қызметіндегі Ғалымжан Елеуовтің қол ұшын беруі үмітімізді еселеді. Мемлекеттік атқару органдарында өзімізбен үзеңгілес жүріп, әрқайсысы бір-бір ауданды басқарған Кенжеғали Толықбаев. Асылбек Нұрмұханов, Есімхан Есенбаев, Түрікпенбай Айжарықов, Бердіхан Кемешов және басқалары қолдау білдірді. Жоғарыда айтып өткен Жұманазар Асановпен бірге философия ғылымдарының докторы, академик С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Ақан Бекежан ғылыми жетекші өкілеттігін адал атқарды.
Мұндай ауқымды шаруаның сәтімен ілгері басуы – қолданыстағы заңнамалар шеңберінде құжаттарды дұрыс рәсімдеуге байланысты.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының әне осы мекемедегі мәдени мұра бөлімінің, тілдерді дамыту басқармасының және осы мекемедегі ономастика және талдау бөлімінің басшылары Маржан Қорғанбаева, Жанар Мақсұтова, Гүлайым Төлебаева, Ұлболсын Нәдірбекова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасарлары Айгүл Арынғазиева, Гулбаршын Айдарханова, Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту өлімінің басшысы Алтынай Юнисова өтініш-талаптарымызға дер кезінде құлақ асып, жәрдемін тигізді.
Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстары жөніндегі комиссия 2017 жылғы 7-сәуірдегі №1 қаулысы тиiсiнше Ақтөбе қаласының әкімі 2018 жылы 16 наурызда №1755 шешiмдi қабылдады. Сөйтіп Ақтөбе қаласында Ер Едіге даңғылы бойында ұлы қолбасшының ескерткішін орнату және айналасын абаттандыруға аумағы 0,5 гектар жер телімi бөлінді.
«Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен бас жобалаушы болып, «РегионСтройПроект» ЖШС бекітілді. Ескерткішті орнатуды ұйымдастыру және қадағалау жауапкершілігі Қобда ауданының әкімдігіне (әкім Мейрамбек Шермағанбет, орынбасары Болат Құлов) жүктелді.
Белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосовтың бай қиялынан туындаған даңқты қолбасшы бейнесі қараған адамның қайсысын да елжіретері сөзсіз. Туынды Екатеринбург қаласындағы зауытта қоладан құйылды.
Биліктің қолдау көрсетуі, үлкен-кіші жамағаттың құлшыныс танытып, ортақ қорға қаржы құюы жемісін берді: 2020 жылдың 28 қаңтарында Ер Едіге бабамыздың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Тарихи тұлғаның рухы дем бергенінен шығар - алдында ғана жауып, бораған қар сап тиылды.
Ақтөбе қаласының тұрғындары, алыс-жақын өңірлерден қонақтар киналған шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау сөз сөйледі. Ерекше тоқталып айтар жай - қоладан құйылған, биіктігі төрт жарым метр алып ескерткішті тұғырына қондырып, айналасын көркемдеу жұмыстарын «Алихан-Ойл» ЖШС (басшысы Зұлқожа Қожаев) мінсіз атқарып шықты.
Ұлттық Банктің Теңге сарайында арнайы тапсырыспен бағалы металл - латуньнан медаль жасалып, игі іске ұйытқы болған адамдарға тапсырылды.
29-қаңтарда облыс орталығында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда шартараптан келген ғалымдар, жазушылар мен журналистер, зиялы қауым өкілдері Едіге батырдың ерлігі мен шиеленіске толы дәуірі жайында ой толғады.
Басқаша айтсақ Ер Едіге Ақтобе облысының «брендіне» айналды.
Облыста сәтімен жүзеге асырылған шаруа республикалық, одан әрі халықаралық деңгейге ұлғайды. 2020 жылдың 3-қарашасында Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінде ұлы қолбасшының 750 жылдығына арналған «Ер Едігенің Алтын Орда тарихындағы рөлі» атты ғылыми-практикалық конференцияның қатысушылар көңілінде қалдырған әсері айрықша. Осындай құнарлы жүздесу келесі, 2021 жылдың 21 қаңтарында Астана қаласында Ұлттық Академиялық кітапханада «Ер Едіге - Ноғайлы дәуірінің жыры» деген тақырыппен өткізілді. Жырдың үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) 40 астам вариантын қамтыған, 60 сағаттық нұсқасы 500 данамен шығарылды.
Қазіргі күнде Ақтөбе қаласында жұмыс істеп тұрған «Ер Едіге» жыр мектебіне (ұстаздары Әділбек Сарин, Демеу Жолымбетов) жыршылар қатары жылдан жылға ұлғаюда. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында сахналанған «Едіге батыр» спектакілі (авторы Светқали Нұржан, режиссері Данияр Базарқұлов) талғамы күшті көрермендер жоғары бағалады.
Қуантарлыгы сол, Едігетануы бағытындагы iлкiмдi жұмыс жалғаса бередi.
Сайып келгенде ел басқару ісіне тікелей араласып, дүниенің біраз бөлігін шарлаған менің дүниетанымым Едіге бабамыздың арқасында анағұрлым тереңдей түсті, қазіргі алмағайып дәуірде айналада болып жатқан өзгерістерге салиқалы көзқараспен үңілуді үйретті. Алтын Орда хандарының билікті 17 жыл мықты ұстауына ықпал ете білген дана кеңесші ішкі және сыртқы саясатта да алғыр-ды. Меніңше, бұл мемлекетке қызмет етудің жаркын үлгісі болып табылатын айбарлы да, өнегесі мол тұлға. Батыр өмирбаянын зерттей келе.
Бір кезде «Мызғымайды, мәңгілік» деп жүрген КСРО-ның ел алдында күйреуіне жауапты ұғыну сипатында ой-санамыз жаңғырды. Халық барда шынайы тірлік жалғаса береді, бәрінен бұрын жеткіншек ұрпақты жаңаша, ұлттық құндылықтар шеңберінде баулудың жолы ашылды. 70 жылдан астам уақыт сананы билеген ескінің сарқыншағынан арылдық. Ұлтжанды азамат ретінде көңілімде орныққан жай - осы.