Ырғыз ауданында жол апатынан қаза тапқан оқушылардың ісі сотта қаралуда
Еске сала кетсек, 19-шы желтоқсанда аудандық олимпиядаға бара жатқан Жаныс би аулының оқушылары жол апатына ұшыраған болатын. Самара-Шымкент тас жолында орын алған көлік апатынан екі оқушы мен бір мұғалім қайтыс болды. Балалар мінген көлікті тізгіндеген жауапкер Жандос Шамшадиннің де осы қайғылы оқиға кезінде 10 сынып оқитын туған қарындасы көз жұмған. Бүгін прокурор айыпталушыға қатысты істі басынан аяғына дейін оқып берді. Қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен жүргізушінің әрекетінен жол апаты орын алған. Соттағы алдын ала тыңдау кезінде судья екі немесе одан да көп адамның өмірін қиған жол апаты болғандықтан бұл іс облыстық сотта қаралып жатқанын жеткізді. Ал, қазалы оқиғаға қатысы бар зардап шегушілердің туыстары бұл істі алқа билердің қарауын сұраған екен. Бір ауылда тұрғандықтан, бұл қаза бәріміздің де қабырғамызды қайыстырды. Барлығымызға да оңай емес, деді сотта олар. Көлік апатына кінәлі деп табылған 26 жастағы Жандос Шамшадин ауыл мектебінде сабақ берген жас маман. Оның туыстары Жандос оқу орнын үздік бітіріп, еңбекке ерте араласқанын айтады, отбасы бар, екі баланың әкесі. Оның үстінен ҚР ҚК 345 бабы бойынша іс қозғалған.Количество показов: 350
Дата создания: 24.02.2024 01:15:41