Депутаттар елді-мекендерді абаттандыру туралы қағиданы бекітті
Асқан үнемшілдіктен облыста игерілмей қалған 571 миллион теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Қаражаттың 176 миллион теңгесі өткізілген тендерлерден кейін қалған. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастырған соң да, артылып қалған біраз ақша қайтадан бюджет есебіне аударылды. Бүгін кезектен тыс алтыншы сессияға жиналған облыстық маслихат депутаттары облыстың 2012-2014 жылдардағы бюджетіне енгізілген осы өзгерістерді мақұлдады. Биыл біздің облысқа республикалық бюджеттен бөлінген 2 миллиард 1 миллион теңгенің төрттен бір бөлігі игерілмей, артылып қалды. Бұл қаражат енді ел қазынасына қайтарылуда. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Ғани Тасмағанбетов артық ақшаның қайдан шыққанын түгендеп берді. Депуттаттар "облыстың 2012-2014 жылдарға арналған бюджетіне" енгізілген өзгерісті бірауыздан мақұлдады. Бірақ, бұдан былай ел қазынасынан бөлінген әрбір тиынның мақсатты жұмсалуын жүйелі қадағалау қажеттігін ескертті. Бүгінгі сессия отырысында халық қалаулылары облыстың қалалары мен елді-мекендері аумақтарын абаттандырудың қағидасын бекітті. Құқықтық құжатта жылдың төрт мезгілінде атқарылатын тазалық шаралары, ғимараттар мен тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру, қоқыс шығару секілді міндеттер анық көрсетілген. Бұған дейін арнайы бекітілген тазалық ережелері қала мен облыстың алты ауданында сақталып келді. Енді бұл қағидаға облыстың әр тұрғыны: ол жеке тұлға болсын, заңды өкіл болсын - түгел мойынсұнуы тиіс. Ережені сақтамағандар айыппұлмен жазаланады. Облыстық маслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова депутаттарға қағиданы бекітіп қана қоймай, оны халыққа жеткізіңдер деп тапсырды. Сессия отырысының соңында өңірдің дамуына үлес қосқан үш адамға "Ақтөбе облысының құрметті азаматы" атағы берілді. Олар: ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров, Ұлттық банктің Ақтөбедегі филиалының бұрынғы басшысы Жұмабай Жандәулетов және "Фэлкон Ойл Гэс ЛТД" компаниясының геология бойынша бас кеңесшісі, еңбек ардагері Зейнолла Бөлекбаевтар. Бірақ, құрметті атақ иелерінің бірі де бүгін бұл жерде болған жоқ. |
Количество показов: 3265
Дата создания: 21.11.2012 19:04:18