Қаланың оңтүстік-батыс бөлігі "Ер Едіге батыр" ауданы атауын алуы мүмкін
Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен. Ел шетіне жау келсе, мен барайын дер екен. Ақтөбеде бас қосқан қазақтың тарихшылары бүгін Едіге батыр ескерткіші жанына жиналды. Жиналғандар "Едіге батыр" тарихи-қаһармандық эпосынан үзінді тамашалады. Фольклортанушылар жырдың 60-тан астам нұсқасы бар екендігін айтады. Ұзақ жылдар қазақ тарихынан жоғалып кеткен Едігенің есімі қазір қаһармандықтың символы ретінде жырларға қосылған. Оның өмірі туралы деректер әлем ғалымдарының еңбектерінде кездеседі. 14- ғасырдың соңында Литваның ұлы Князі Витовт Польша, Украина, Беларусь жерлерін билеп, Ресей княздіктерін басып алғанда, Алтын Орданы жаулауға қауқары жетпепті. Зеңбірек сүйретіп, мылтық асынған Еуропаның таңдаулы әскерін Едіге бастаған қол тас-талқан қылады. Сондықтан Алтын Орданың тарихын Ер Едігенің тұлғасынан бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Биыл қаңтар айында ескерткіштің Ақтөбеде орнатылып, ер есімінің біздің өлкеде ұлықталуы тегін емес. Эпоста «Жерім жырақ, үш айшылық шөл майдан, шыққан жерім - Қарғалы, Елек, Кеңсайдан», - дейтін тіркестер бар. Әйгілі тарихшылардың өзі Едігенің Електің бойында қаза тапқанын растайды. "Едіге", "Едігенің жалы" топонимдері ақпараттарды айғақтайды. Осыдан бес жыл бұрын батыр атына облыстық қоғамдық қор құрылған. Бүгін батырдың жерінде өткізілген конференцияда "Ер Едіге- Ноғайлы дәуірінің жыры" музыкалық альбомы таныстырылды. Едіге Ноғай ордасының да негізін қалады. Қазақтың мықтылығын дәлелдеген батырдың мұралары кейінгі ұрпаққа қайта таныстырылуда. Бүгінгі жиында қолбасшы батырдың өмірінен тереңірек сыр шертілді. Ақындар рухты жырларын арнады. Батыр бабаның мүсіні туған топырағында 650 жылдан соң ғана қайта тіктелді. Ер Едіге ескерткіші осы уақытқа дейін тек Қарақалпақстан жерінде қойылған. 60-қа жуық жыр-эпос жазылған. Ал, батыр атын шаһардың бір ауданына беру мәселесі қалалық әкімдікте қаралатын болады.
Количество показов: 808
Дата создания: 26.11.2020 18:49:26