Хромтау қаласының Кеншілер мәдениет үйінің алаңында аудан тұрғындары мен қала қонақтары Наурыз мерекесін тойлады. Күннің суығына қарамастан халық қарасы көп болды. Жиналған жұртты облыс әкімінің орынбасары А.Биахметов пен аудан әкімі А.Бердалин айтулы мерекемен құттықтады. Қараша үйлер тігіліп, халыққа тегін көже мен ұлттық тағамдар таратылды. Үлкендер жағы ұлттық ойындар қазақша күрес, асық ату, тоғыз құмалақ ойнап, гір тасын көтеруден сайысқа түссе, балалар алты бақан теуіп, атқа мінді. Театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, аудан өнерпаздарымен қатар Ақтөбе қаласынан келген украин диаспорасының өнерлерін тамашалады. Әсем ән де, мың бұралған би де биленді. Сонымен қатар, жәрмеңке ұйымдастырылды. «Ең көрікті киіз үй» номинациясының жеңімпаздары аудан әкімінің марапаттауын иеленді. Мереке аяғы «Достар» мейрамханасында ақсақал аталар мен ардақты әжелерге арнап жайылған «Наурыз көже» дастарханына ұласты.