Тамыз конференциясы өтті
1 аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Әлемдік пандемияға байланысты мектептер төменгі сынып оқушыларын ғана сыныпта қабылдауға дайын. Үйлерінде сабақ оқитын оқушылар ұстаздарымен тек ғаламтор арқылы байланысқа шыға алады. Ал 2019-2020-шы оқу жылын аймақ қандай нәтижемен аяқтады? Ұстаз бен шәкірттердің жетістіктері қандай? Облыстың білім саласында ауыз толтырып айтар жаңалықтар көп. Олардың әрқайсысына сала басшысы Ләззат Оразбаева "Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері" тақырыбындағы баяндамасында тоқталып өтті. Онлайн оқу- осы жылғы өзгеріс. 15 мыңнан аса педагог онлайн режимде "Қашықтықтан оқытуды үйренемін" атты оқыту курстарынан өткен. Ұстаздар 1-ші қыркүйектен бастап екі арнайы "Дарын-онлайн" және "Білім-ленд" сандық платформаларында сабақтар бере бастайды. Жалпы өңірде 402 орта білім беретін мектеп бар. Аудан мен шалғай ауылдардағы 205 мектеп дәстүрлі, 195 білім ордасы қашықтан білім бермек. Облыс бойынша 27 мыңнан аса оқушыда компьютер жоқ. Балаларды компьютер, ноутбукпен қамту үшін облыстық қазынадан 2 млрд 900 млн теңге қарастырылған. Қосымша демеушілердің көмегімен 3 мың оқушыға ноутбуктер үлестіріледі. Жаппай оқушыларға қажетті құралдарын жеткізу 10-шы қыркүйекке дейін аяқталып болады.
Количество показов: 1135
Дата создания: 25.08.2020 19:41:55