Қоғамдық көліктерде жолақы төлеуден жалтарғандар жауапқа тартылады
Қоғамдық көліктерде жолақы төлеуден жалтарғандар жауапқа тартылады. Қаладағы бақылау-тексеру қызметі өткен жылдың қазан айынан бері жолақы төлеуден қашқан немесе толық көлемде өтеуден бас тартқан 500-ден астам ақтөбелікке қатысты хаттама толтырып, айыппұл салды. Сондай-ақ, қолма-қол ақы алу ережесін бұзғаны үшін 200-ге жуық жүргізуші жауапқа тартылды. "Смарт автобус" ЖШС бақылау-тексеру қызметінің бақылаушылары күн сайын қоғамдық көліктерді аралап рейд жүргізеді. Ревизорлар қоғамдық көлік жолаушыларының төлем карточкаларының болуын, қолма-қол төлем жасаған жағдайда билетпен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Өткен жылдың қазан айынан күні бүгінге дейін қаланың қоғамдық көліктерінде жүргізілген бақылаудың нәтижесінде бірнеше заңбұзушылықтар анықталды. Бақылаушылар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес 500-дей жолаушыға 2 АЕК көлемінде, 200-ге жуық автобус жүргізушісіне 5 АЕК көлемінде айыппұл салды. Бақылау-тексеру қызметінің мамандары қоғамдық көлік жолаушыларына жолақы төлеу бойынша түсіндірме жұмыстарын да жүргізеді. Қазіргі таңда жолаушылар жол ақысын көлік картасымен, сондай-ақ смартфондағы Avtobus қосымшасы арқылы төлей алады. Аталған төлем жолдарын пайдаланған жолаушының жол ақысы 80 теңге, ал қолма-қол төлем жасайтындар үшін 150 теңге болып бекітілген.Количество показов: 657
Дата создания: 17.08.2022 18:10:56