М. Оспанов атындағы БҚМУ оқу ақысы 1 миллион теңгеден асты
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері оқу орнының әкімшілігіне наразылықтарын білдіруде. Себебі, биыл мамырдың 13-інде университет басшылығы жалпы медицина және стоматология факультеттерінде білім алып жатқан студенттердің оқу ақысын 1 млн теңге қылу жөнінде шешім қабылдаған. Бұған дейін жылына 750 мың теңге төлеп оқып келген студенттер оқу ақысының бірден 250 мың теңгеге қымбаттап кеткеніне шағым айтуда. М.Оспанов атындағы БҚМУ-де 5400 студент білім алады. Олардың басым бөлігі жалпы медицина мен стоматология факультеттерінде оқиды. Ректорат биыл мамыр айының 13-де кеңес өткізіп, білім алушылардың 1 жылдық оқу ақысын 1 млн 1 мың теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылдаған. Алайда студенттерге бұл жөнінде 1 ай өткен соң, маусымның 29-да хабар берілген. Оқу ақысының бірден 30%-ға шарықтап кеткеніне наразы болған студенттер бүгін бас ғимараттың алдына жиналды.
Наразылық танытқан студенттердің сауалына жауап бермек болып университеттің проректоры Надияр Мусин келді. Алайда, оқу ақысының неліктен тым қымбаттап кеткені жөніндегі сауалдарға мардымды жауап бере алмады. Біресе бағаның құнсыздануын, біресе коммуналдық шығындардың артқанын сылтауратып, ғимаратқа кіріп кетті. Проректордың айтуынша, 4- шілдеде университет әкімшілігі жиналыс өткізіп, студенттердің оқу ақысына қатысты барлық сауалдарына жауап береді. Алайда, студенттер жаңа оқу жылына талапкерлерді қабылдау 1- шілдеде басталғандықтан, ректорат бұйрық шығарып қойғанын және оны өзгерте қоюы екіталай екенін айтады.
Количество показов: 1325
Дата создания: 01.07.2022 20:40:29
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>