Әлеуметтік дүкендерге арзан өнімдер жеткізіліп жатыр
Жаңақоныс ауылындағы бұл шағын дүкенге тұрақтандыру қорынан әлсін-әлсін көкөніс пен күнбағыс майы жеткізіліп тұрады. Арзан азық-түлік арнайы сөреге жиналған. Сатушының айтуынша, кеше кешкілік жеткізілген 40 келіден аса көкөніс көліктен түскен бойда өтіп кетіпті. Жұртшылық күні бойы арзан картоп пен сәбіз, жуаны сұрап келіп жатыр. Алда демалыс күндері болғасын көкөніс пен шекерге тапсырыс бердім дейді дүкен сатушысы. Дүйім ауылға бір ғана әлеуметтік дүкен болғандықтан арзандатылған азық-түлікке сұраныс жоғары. Мұндай әлеуметтік дүкендер шаһардың Рысқұлов, Прохоров, Сәтпаев, Есет батыр, Ағайынды Жұбановтар, Набережный, Гастелло, Кереев, Бөгенбай батыр көшелері мен Сәңкібай батыр, Бейбітшілік даңғылы, 11,12, Батыс-2 ауданы, Ақжар-2, Кеңес Нокин, Кірпішті, Сазды ауылдары мен Әуе қалашығы ауданында орналасқан. Дүкендерде күнбағыс майы 300 теңге, шекер 235, картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат 75 теңгеден саудалануда. Ал Тұрғындар қалашығы мен "Табыс" базарларындағы арнайы дүкендерде көкөністерді бір тұрғынға 10 келіден артық сатпайды. Тұрақтандыру қорында қазір 460 тонна картоп, 150 тонна сәбіз, 101 тонна жуа, 63 мың дана күнбағыс майы сақтаулы тұр. Бұл азық-түліктің қоры сәуір айының соңына дейін мол жетеді. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязовтың айтуынша, тұрғындар тарапынан жаппай азық-түлік сатып алу жәйттері азайған. Дегенмен әлеуметтік дүкендерге күн сайын күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері жіберіле бермек.
Количество показов: 852
Дата создания: 27.03.2020 18:21:37