Көлік өрті өршіп тұр
Ақтөбеде автокөлік өрті көбейген. Жыл басынан бері темір тұлпарды жалын шарпыған 16 оқиға тіркелген екен. Мамандар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тілсіз жаудан келген қауіп артқанын айтып, дабыл қағып отыр. Қызыл жалынға оранған жеңіл автокөлік саны биыл - 10. Қалғаны жолаушылар автобусы, теміржол көлігі мен жүк көліктері. Қаңтарда болған өрт салдарынан 9 млн 450 мың теңге шығын келді. Бұл туралы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды. Кездесуге облыстық полиция департаментінің де мамандары қатысты. Өрт сөндірушілер 21 млн теңге сомасында материалдық құндылықтарды сақтап қалған. Ал, былтыр аймақта 37 млн теңге шығын әкелген 182 өрт оқиғасы тіркелді. Барлығы - көлік өрті. Төтенше жағдай мамандары көліктегі өрт себептерін газбен жабдықтау құрылғыларымен байланыстырады. Одан өзге электр жабдықтарын темір тұлпарда шектен тыс көп пайдалану да өртке себеп. Ал, өрт сөндіру құрылғысы көліктерде жиі болмайды. Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны 5-рота командирі Еделхан Есенгелдиевтің айтуынша, автокөлікте дәрі -дәрмек қобдишасы мен өрт сөндіру құралы міндетті түрде болуы шарт. Темір тұлпардың техникалық паспортында газбен жабдықталған деген арнайы белгі болмаса, әкімшілік хаттама толтырылып, арнайы тұраққа тоғытылады. Жүргізушілер өрттерді жою әрекеттеріне дайын емес. Қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Осылай деген, өрт сөндірушілер қызыл жалынның туындау мүмкіндігін барынша азайту үшін жеке автокөлікті техникалық жарамды күйде ұстау, зауыттық нұсқаулық талаптарын, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет дейді. Зауытта жаабдықталған электр желілерін артық пайдалануға болмайды. Ал газ блоктары қойылған болса, екі жылда 1 рет техникалық байқаудан өтіп тұру қажет.Количество показов: 275
Дата создания: 06.02.2025 07:58:03