Елде картоп бағасы күрт өсті
Елде картоп жыры таусылар емес. Өткен аптадан бері көкөністің құны күрт өсіп, қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Осыған орай, жарты жылға дейін картопты үшінші елге экспорттауға шектеу қойылып отыр. Шешім шығарған үкіметтің мәліметінше, көрші елдерден, әсіресе Өзбекстаннан сұраныс артқан. Экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты картоп экспорты 1,5 есеге өсті. 411 мың тоннада 600 мыңнан астам тоннаға артқан. Сұраныстың артуы ішкі нарыққа әсерін тигізбей қоймады. Экспортқа бағытталған тауар өндірушілердің бағасы өткен аптада 170 теңгеден 270 теңгеге дейін өсіп кеткен. Ал, шаһардың ірі супермаркеттерінде картоптың келісі - 388 теңге. Алайда, сапасы нашар. Тұрақтандыру қорының картобы "Табыс" әлеуметтік дүкендерінде 116 теңгеден сатылып жатыр. Әлеуметтік дүкендерге тұрақтандыру қорына жеткізілетін көкөніс көлемі екі есеге артқан. Себебі, жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Қорда көкөніс көлемі көктемге дейін жеткілікті, дейді мамандар. Ал, жеке дүкендерде картоп құны 350 теңгеден. 41-разъездегі көтерме базардан 310-330 теңге аралығында сатып алады екен. Картопты үшінші елге экспорттауға шектеу жарты жылға созылады. Бұл шектеудің Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қатысы жоқ. Бірақ бұл бағыттағы экспорт та бақылауда болады, дейді үкімет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, көкөніс қоры жеткілікті.Количество показов: 316
Дата создания: 21.01.2025 05:57:08