Қазақстандықтар дәрі-дәрмектен тапшылық көрмейді
Ақтөбелік фармацевтер бүгінде дәріханаларда дәрі тапшылығы жоқ екенін алға тартады. Оның үстіне індетке қатысты ахуал тұрақталған соң халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысы да сейілген. Вирусқа қарсы препараттар дәріхана сөрелеріне тапсырыспен күнделікті жеткізіліп тұрады. Бағасы да белгіленген шамадан аспайды. Өз кезегінде елімізде дәрі-дәрмек нарығын реттеуші "СК-Фармация" компаниясы коронавирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда медициналық ұйымдарды қамтамасыз ету үшін 24 млрд теңгеге екі айлық дәрі-дәрмек қорын құруда. Бүгін аталмыш компанияның Нұр-Сұлтан қаласындағы логистикалық хабына үкімет басшысы арнайы барды. Асқар Маминге ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетіні баяндалды. Сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. «СК-Фармация» оларды қалалар мен ауылдық елді мекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді. Премьер-Министр өңірлерге дәрі-дәрмектердің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттардың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Количество показов: 772
Дата создания: 05.08.2020 18:45:28