"Астана" ауданында тазалық мәселесі ақсап тұр
"Астана" ауданы қаланың орталығы. Жаңа, элиталы үйлер, түрлі әлеуметтік, коммерциялық ғимараттар да осы бөлікте тұрғызылып жатыр. Алайда ауданда тазалық мәселесі ақсап тұр. Қоқыс шығару проблемасы қалада өткір. Әбілқайыр хан даңғылы, Есет батыр, Тургенев көшелерінің өзінде қоқыс жәшіктері уақытылы тазартылмайды. Ақтөбеліктердің де айналаның шашылып жататынына көздері үйренген. Бұл қаланың орталығындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан тұрғын үйлердің ауласы. Бес қабатты үйлердің тұрғындар жүретін жолын айтпағанның өзінде ауласы шашылып жатыр. Шұрық-тесік жолдар, жәшіктерде үйілген тұрмыстық қалдықтар Ақтөбені өркениеттен әбден алыстатқандай. Абай даңғылы, Есет батыр көшесіндегі көрініс те дәл осындай. Қоқыс жинап жүрген техниканы мүлде көрмейсіз. Жұртшылық жаз мезгілінде апталап алынбаған қоқыстардан жағымсыз иіс шығып, терезе ашудан қаламыз деп отыр. Әбілқайыр хан даңғылы №60- үйдің тұрғындары "Астана" ауданы әкімдігіне осы қоқыстың жайын айтып бірнеше рет ауызша да жазбаша да шағымданған. "Астана" ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықовтың айтуынша, қоқыс шығарушы серіктестіктердің жаз айында жұмыстары екі еселеніп кетеді. Тұрғындар да тазалыққа салғырт қарайды. Қоқыс жәшіктерін құрылыс материалдары, істен шыққан тұрмыстық техника секілді ірі қоқыстармен толтырып тастай береді. Енді контейнер алаңдарын бейнебақылау камераларымен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.Былтыр Әуеқалашығы ауданы, Ә. Молдағұлова, Абай даңғылдарында 462 қоқыс контейнері орнатылған. Биыл жыл соңына дейін Сәңкібай батыр даңғылы, Тургенев, Пацаев көшелері мен 8-ші мөлтек аудандағы үй аулаларына 520 еуропалық стандартқа сай қоқыс жәшіктері қойылады. Ескі қоқыс жәшіктері Шанхай, Тұрғындар қалашығы ауданына көшіріледі. Себебі аталған аудандарда контейнер жетіспеушілігі мәселесі бар.
Количество показов: 716
Дата создания: 16.08.2022 17:17:31