Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіров ақталды
Облыстық соттың апелляциялық сатысында бюджет қаражатын жымқыру бойынша даулы іс қаралды. Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіров пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовты, сондай-ақ серіктестіктің үш қызметкерін сот алқасы жаңа жылдық безендіруге арналған 90 миллион бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша ақтады. Әубәкіров пен тағы төрт айыпталушыға өздерінің қылмыс жасамағанын дәлелдеу үшін екі жылдан астам уақыт қажет болды. Еске сала кетейік, қала әкімінің экс-орынбасары Әубәкіров 2020 жылдың көктемінде қамауға алынған болатын. Тергеушілердің мәліметінше, қаланы жаңа жылдық безендіруге бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген, ал Әубәкіров өзі бақылайтын компаниямен бір көзден сатып алу шарты жасалған. Бірақ айыптаушы тараптың айтуынша, шын мәнінде облыс орталығы демеушілердің ақшасымен безендіріліп, бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржыны әкім орынбасары мен оның сыбайластары жымқырған. Сондай-ақ айыптаушы тарап осы ақшаның бір бөлігіне Әубәкіров жаңа Lexus көлігі мен кеңсесіне былғары кресло сатып алғанын алға тартқан. Алайда бесеуі де кінәсін мойындамады. 2021 жылдың маусымында бірінші инстанциядағы сот Әубәкіров пен Досовты 7 жылға бас бостандығынан айырды, біріншісі қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша, екіншісі арандатушылық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Іс Жоғарғы сотқа дейін жеткен. Жоғарғы сот істі қайта қарау үшін апелляциялық сотқа қайтарған болатын.Количество показов: 642
Дата создания: 15.08.2022 17:50:32