Ақтөбеде "Алтын оймақ" байқауы өтті
Арайлым Балжігітова он саусағынан өнері тамған шебер. Көп балалы ана қазір құрақ құрап, киім пішіп, тіге де алады. Ол "Отбасын қорғау орталығында" тігін курсын тегін үйренген. Екі қолға бір жұмыс таба алмай жүргендер үшін зор мүмкіндік дейді кейіпкеріміз. Үйдегі шаруаның тінін ширатып жүрген келіншек енді тігіншілікпен айналыспақ. Бүгін Арайлым бар өнерін ортаға салды. "Алтын оймақ" байқауына қатысып, бағын сынамақшы.“Алтын оймақ” тігіншілер сайысы қолынан іс келетін қыз-келіншектердің бағын ашады. Өйткені, олардың жұмысын кәсіби шеберлер мен дизайнерлер бағалайды. Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар да бар. Тігін машинкесі мен ақшалай сыйлықтар беріледі. Бұл өз кезегінен кәсібін жаңадан бастап жатқан тігіншілер үшін мотивация. Сайысқа қаламыздан 13 нәзік жанды қатысты. Олардың қатарында көп балалы аналар мен жалғыз басты аналар да бар. Арасында өз кәсібін ашуды көздеп отырғандары да жоқ емес. Оқу бітірген аналарға арнайы сертификаттар берілген. 3 жүлделі орынға тігін машиналары табысталмақ. Қалған қатысушыларға 37 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйақысы берілмек.
Количество показов: 656
Дата создания: 08.08.2024 09:22:12