Ақтөбе облысында науқастар тиісті дәрі-дәрмектерді толық көлемде алмаған
Алға мен Ойыл аудандық ауруханалары тұрғындарға тегін қызмет көрсету бойынша бірнеше заңбұзушылыққа жол берген. Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Алға ауданының ауруханасы созылмалы аурумен есепте тұрған 74 адамға қажетті талдаулардың міндетті шекті мөлшерін сақтамаған. Мәселен,гипертониялық аурумен есепте тұратын науқасты аудандық аурухананың медицина қызметкерлері дер кезінде тексермей, оған тиісті медициналық қызметті көрсетпеген, тиісті зерттеу жүргізілмеген. Артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұрған, жүрек зақымдануы басым 36 науқасқа тегін дәрі-дәрмек берілмеген. Прокурорлардың араласуынан кейін заңбұзушылық жойылып, 100-ден астам адам қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылып, қызмет көрсетілді. Бұдан бөлек жергілікті емханалар қайтыс болғандарға медициналық қызмет көрсеткен. Бірнеше ай бұрын қайтыс болған адамды аудандық аурухана ресми түрде медициналық тексеруден өткізген. Ел азаматы қандай да бір ауруға шалдыққан жағдайда, бірден өзі тіркелген емханаға қаралады. Анализдер тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Кейін дәрігер науқасқа дәрілік рецепт жазып береді. Алайда, науқасқа министрлік бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер тиесілі. Тегін дәріге мұқтаж тұрғындардың қатары өңірімізде өсіп келеді. Әсіресе зейнеткерлер емханадан фармацевтикалық препараттарды алып тұратындарын айтады. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген «тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде диспансерлік есепте тұратын науқастарға, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті секілді аурулар бойынша тегін дәрілер берілуде. Сонымен бірге МӘМС арқылы да ересектер мен балалардағы жоғарғы тыныс жолының қабынуы, пневмония, анемия секілді бірқатар ауруларға тегін дәрілер қарастырылған.Количество показов: 362
Дата создания: 07.08.2024 05:55:16