Өңірлік кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының құрылғанына бір жыл
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жанынан бизнес инкубатор іске қосылатын болды. Бұл кәсіпкер ретінде жұмысын енді бастаған қыз-келіншектерге нақты көмек көрсетіледі деген сөз. Бүгін "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының құрылғанына бір жыл толуына байланысты өткен отырыста осындай жағымды жаңалықтар айтылды. Былтыр "Атамекен" әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған кезде ең алғаш осы орталықтан білім алғандардың бірі Әсемгүл Қайрақбаева. Ол орталық қызметкерлерінен бизнес жоба жайында кеңес алып, бірден жұмыс бастап кеткен екен. Алғашында Кеңқияқ ауылынан наубайхана ашқан кәсіпкер бір жыл ішінде қаладан екінші кәсібін, жеке асхана ашып үлгеріпті. Әсемгүл Қайрақбаева әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына келмесем, мұндай батыл қадамдарға бара алмас едім, дейді. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы бір жыл ішінде 600 адамға қолдау көрсетіп үлгерген. Нәтиже де айқын. 55 ақтөбелік қыз-келіншек кондитерлік, тігін өндірісі, сұлулық салондары сияқты кәсіпкерліктің бірнеше түрі бойынша курстар оқып, білім алған. Кәсіптің қыр- сырын терең меңгерген, қалаға танымал кәсіпкер әйелдер бірнеше рет тегін шеберлік кластарын өткізген. Кәсібін енді ашып жатқан әйелдердің табысы аз уақыттың ішінде еселеп өскен. Айына 200 мың теңге табатын кәсіпкер әйелдің бүгінде айлық табысы 5 миллион теңгеден асып кетіпті. Бұл бір мысал ғана , жалпы нәтиже көңіл қуантады, дейді орталық қызметкерлері. Жеке кәсіпкерлік саласында әйелдер басқаратын компаниялардың үлес салмағы 57 пайызды құрап отыр. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының құрылғанына 1 жыл толуына байланысты өткізілген басқосуға қаржы институттарының өкілдері де шақырылды. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлпаршын Айдарханова орталық жанынан "Бизнес-инкубатор" қызметі ашылып, енді "Кәсіпке бағыт" бағдарламасы бойынша курстар оқытылатынын айтты. Бағдарлама шеңберінде "Бір ауыл-бір өнім" жобасы іске асырылады. Жоба бойынша жергілікті шикізаттан жасалған өнімдер нарыққа жол тартады.Количество показов: 873
Дата создания: 31.03.2023 11:40:48