Туған жер (Ұшқан ұя. Ата жұрт. Ата қоныс)
врика» продолжает публикацию отрывков из книги экс-акима Актобе Каиркожи ЕЛЕУСИЗОВА «Екі дәуірдің тоғысында / На стыке двух эпох». Главы книги опубликованы на казахском и русском языках.
Туған жердің күні де ыстық, күлі де ыстық.
Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді.
Туған жерім, балалық шағымның өткен жері, тәлім тәрбие алған жерім Мұғалжар ауданындағы Ізімбет стансасы. 1950 жылы 20 ноябрьде өмірге келдім. Атам Елеусіз осы Ізімбетте өмір кешкен. Үлкендерден естуімше, Күбілей өзені бойында мал бағумен күнін көрген. Ірі денелі, сары өңді, көзі көк, толықтау келген және еңбекқор деп суреттеп отыратын үлкен ағаларым. 1929 жылы конфискация ұшырап, жаңа үкімет алғашында малын, кейін өзін ұстап алып кеткен. Содан бері бір ғасыр өтсе де хабар-ошарсыз. Талма әжеміз елде қалған.

Родители.
Әкем Жұмағали Елеусізов 1928 жылы осы Ізімбетте дүниеге келген. Руы Назардың Құбатайы, Құбатайдың Әуезі.
Анам Қанзира Сартаева 1927 жылғы. Руы Қожа, Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Миялыда жатқан әулие Мәтен қожаның бесінші ұрпағы.
Әкем Ойылдағы қызыл үй балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін ФЗО да оқуын жалғастырып, қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе ауданында жүріп, жақын маңдағы Миялының қызы шешеммен танысып, отау құрған. Бірақ отағасы түп тамырым Ізімбет деп, туған елге оралады. Мен сол кісілердің жалғыз тұяғымын.
Әкеміз жол қараушы қызметін атқарған. Жалпы, путеец, стрелочник мамандықтарының қиындығын айтып жеткізу қиын. Батыс пен Оңтүстікті байланыстырып жатқан поездар тұрмау үшін жаздың ыссысы мен қыстың аязына қарамай міндетін абыроймен атқарды.

Крайний справа - отец будущего акима Ж.Елеусизов.
Сол стрелочниктердің бригада басшысы Молдаш Жаңабергеновке Социалистік Еңбек Ері деген КСРО-дағы ең жоғары награда бергеніне қарап, сол бригаданың мүшесі болған әкеміздің еңбегін бағалай береңіз. Путеецтің қажырлы еңбегін ешкім оңай деп айта қоймас, оған қоса бұл мамандық иелері шетінен денесі шымыр, ержүрек, қатаң тәртіпке бағынатын, бір-бірін қолдай білетін адамдар болатын. Соның арқасында олар отбасымен де аралас құралас еді. Жалпы терміржолшылар арасында ерекше қатынас (атмосфера) болатын. Анда-санда жұмыс барысында болмаса, араларында тіпті қатқыл сөз де естілмейтін. Сонысымен де Ізімбеттің біртұтастығы мен табыстылығы көпке үлгі болатын.
Балалық шағыма келетін болсақ, басында алты-жеті үй станция шетінде землянкада (жеркепеде) тұрдық. Үй алма, көрші ал демекші, көршіміз Жантерековтер болды, балалары Амангелді, Аманғали, Жангелді.
Олардың қасында Сәлімгерей Имашев, баласы Мәжен. Сол землянка екіге бөлінеді. Кіріп келгенде бір жақта жазға арналған қазандық тұрса, екінші жақта кәдімгі мал қамайтын қора болатын. Әрі қарай келесі есіктен өткенде пеші бар кішкене шағын ас үй, ал пештің екінші жағы зал деген аты бар оншақты шаршы метрлік қана бөлме. Қыста ас үйде отырамыз, залымызға пештен аз ғана жылу барып тұрады. Сыртқа шығайын десең қорадағы малға ұрынасын. Ал сол мал төлдегенде, қозы, лақ, бұзау ас үйге жоғарылайды. Солармен тамағымызды ішеміз. Бір ескеретіні, осындай хан сарайына бергісіз жұпыны үйде барлық дерлік адам қаннен қаперсіз өмір сүрді. Станция іргесіндегі кішкене өзен Көблейге, ол әрі қарай Темірге құяды. Тұрған жеріміз екіге бөлінетін. Ол жерді орыстар көп қоныстанға еді, станция бастығы, кезекшілер, су айдайтын станция қызметкерлері. Ізімбетте паровоз депосы болды, паровоз тұрып, ақауларын қаратып, сумен қамтамасыз етіледі. Сол кездегі үйлер 1904 жылы Орынбор - Ташкент темір жолы құрылысы кезінде салынған. Шойын жолдың қарсы бетінде, су жағасында отыз қырық қазақы үйлер қоныстанған. Олар менің әкем сияқты темір жолдың қара жұмысында болды: стрелочник, путеец, путевой обходчиктер. Біз сол жерден алыстау, бір шақырымдай жерде, Бастақ ауылда, алты жеті семья тұрдық. Біраз уақыттан соң отыз-қырық үйі бар станса орталығына көшіп келдік. Еш уақыт жүз шайыспаған көршілеріміз Қартан Құлбулдинов болды, оның балалары Ақаш, Қаден, Мырзаш, Зағипа, Роза. Станция бастығы Иван Кузьмич Сотников, кезекшілері Титов, су айдау стансасында Подниколенко, ағайынды Лукавенко, Захаров дегендер болды. Ізімбеттің басында төрт кластық мектеп болса, алғашқы ұстазымыз Антонина Григорьевна Лукавенко еді.
Станцияның басында керемет жайқалған керемет бақ болатын, соған баратынбыз. Балалар жиналып, қойнауына кіріп жатамыз. Бағбанның Геннадий және Александр деген ұлдары баянды ойнайды, ән шырқайды және кешкілік өздері де билейтін. Әндері әлі есімде: «На сопках Маньжурии валсі», «Амурские волны» және басқалары. Біз тал арасынан қызықтап жатамыз. Бізді қуатын, алайда қашып, айналып қайта келетінбіз сол жерге.
Сонымен қатар айына екі рет Ізімбетке вагон-клуб келеді. Оны тупикке қойып, тұрғындарға бір-екі күн бойына кино көрсетеді. Бұл уақытта бүкіл ауыл адамдарын осы жерден табасың.
Одан басқа ай сайын вагон-лавка келіп, тұрғындар сол кездегі қат азық-түлік пен киім-кешек, басқа да тұрмыстық керек-жарақтарын сатып алады. Оны көріп теміржолшылармен қатар совхоз тұрғындары да келеді. Жалпы осы вагондар тупикке келгенде бекет пен ауыл тұрғындары құдды бір мерекедегідей бір жасап қалатын.
Тағы бір естке қалғаны: кешкілік ауыл балаларының міндеті – өрістен мал күтіп алу. Қойы мен сиыры бөлек келетін күтуден. Сол мал күтуге ерте барып, суға түсіп, балық аулап, ойнап та үлгереміз. Одан қалды, балалардың денінде есегі мен арбасы болды. Ауылдың сай-саласын өзімізше бөліп алғанбыз. Таң атысымен есек арбамызбен жарыса шығып, сол жердің шөбін шалғымен шауып, қолмен тиеп, үйге жеткізіп аламыз. Яғни, ойынмен қатар еңбек етіп, қыстың қамын жаз ойлауды да ұмытпадық. Күн ысығанға дейін өзіміз барсақ, кешкі салқынмен әкемізбен бірге барамыз.
Ауыл-аймақ тату өмір сүріп, біте қайнасып жататын. Қасымызда үш шақырым жерде Ильичев совхзозының (орталығы Жұрын) «Пахарь» атты фермасы болды. Ол жерде малшы, тракторшының балалары, бізде темір жолшылардың балалары. Әрдайым аралас-құралас болғанымызбен, станция балалары өркениетке жақын едік. Бәлкім, күнделікті пойызды көріп жүріп, әр жақтан келетін жолаушылармен кездесіп, механикасымен, техникасымен танысқаннан болар. Сол терміржол станциясының әсері ме деп те ойлаймын, мектеп бітірген соң Ізімбеттің көп баласы институтқа түсті.
Бала кездегі достар туған жерімізді қазірде де ұмытқан жоқпыз, кездесе қалсақ әңгімеміздің арқауы ауыл болып қала береді. Өйткені ол әрқайсымызға да ыстық. Осы жерде дүниеге келдік, ата-анамыз небір қиындықтарды бастарынан өткерсе де бағып-қақты, өсіп-өндірді. Әке-шешеміз сол ауылдың қорымында жерленген, сондықтан жазғытұрым басына барып, тағзым етіп, Құран бағыштау дәстүрге айналған. Сонымен қатар, ауылды айналып өтіп, суына шомылып, бір жасап қаламыз.

Школа.
Бәріміз бірге өстік ...
Майдангерлер, жақын жолдастар, Ізімбет стансасынан шыққан белгілі тұлғалар. Бәріміз бірге өсіп-өнген, балалық шақтың куәгерлері Ғалым Андагулов, Сағындық Тасмағамбетов, Таштай Шитов, Құлмырза Тілеубаев, Қуандық Бұсырманов, Сапан Еркебаев, Бауеш Тағабергенов, Қаден Құлбулдинов. Осылар секілді кадірлі жерлестерімді калай ғана ұмытармын?
Өмірлік серігім
Жолдасым Балжан «Победа» совхозының тумасы, Атақты Сәңкібай батырдың руы Құрмантайдан тарайды. Осы совхозда агроном қызметінде жүргенде таныстық. Ауыл клубында меңгеруші болды. Кейін қасымда жүрді, ауылдық советте, әлеуметтік салады қызметтер атқарды. Мен мемлекеттік қызметте болған соң, әйел үйді қарайды, отбасының берекесін келтірді. Атамыз Бауыржан Момышұлы айтпақшы, әйелге үш қасиет керек. Бірінші үйді ұстайды, екінші, еркектік айтқанын істейді және үшінші, баланы бағады. Осының барлығын біздің Балжан жасады.
Кеңшар директоры болып жүргенде басшының үйіне көп қонақтар, комиссия, жоғарыдағы басшылар келеді. Берісі аудан орталығынан бастап, тіпті КСРО астанасы Мәскеуден келіп жататын. Жалпы қандай мейман келсе де, барлығына мол дастархан дайындау қажет және ең бастысы, қонақты қабақ шытпай, шаршағанын білдірмей, жайдары мінезбен қарсы алу керек. Осының барлығына Бәкең әдемі сапалы дастархан дайындай білді.
Мен күні-түні жұмысқа кетіп қалам, ал үйді ұстап, балаларды бағып отырған Бәкең болатын. Орысша айтқанда, где бы я ни трудился, у меня тыл был крепким. Оны қасымда жүрген жігіттер де айтып, мойындайтын. Сондықтан да менің өскенім: совхоз, аудан тіпті облыс басшылығында да болдым. Осының барлығы әйелдің арқасы деп ойлаймын. Бәкең үлкейгесін немерелерді бақты және олардың барлығы да әжесін жақсы көреді. Ол кісі тағдырдың маған берген сыйы деп толық айта аламын.

Семья.
Тұңғышым – ізбасарым
Ұлым Бекболат 1975 жылы Победа совхозында өмірге келді. Қ.Жұбанов атындағы университет түлегі Ақтөбеде кәсіпкерлікпен айналысуда. Балалары Әкежан, Әкімжан және Медина. Үлкен немерем Гумилёв университетін (Астана қаласы) тәмамдап, продюссерлік орталықта қызмет жасауда. Әкімжан “КазТрансОйл” компаниясынң қызкеткері, Медина – мектеп оқушысы. Бір жылдан соң Пролетар совхозында Жанар келді дүниеге. Ол да ағасының жолын қуып, Жұбанов университетін тәмамдап, жеке кәсіпті таңдады. Тараз қаласының тумасы күйеу бала Бақытжан – ол да бизнесмен. Орталарында үш баласы бар. Тұңғыштары Аружан Назарбаев зияткерлік мектебін аяқтап, білімін Сингапурде жалғастырды. Қазір Астанада тұрады. Кәрімжан мен Ислам – мектеп оқушылары. Елордада тұрып жатыр.