Биыл — Ұлы Жеңіске 81 жыл
9-мамыр - ел жадында мәңгі сақталатын маңызды күн. Жыл сайын ақтөбеліктер "Мәңгілік алауға" келіп Ұлы Отан соғысында опат болған ата-бабаларының рухына тағзым етеді. Биыл - Ұлы Жеңіске 81 жыл толды. Бүгін де жерлестеріміз Даңқ обелискісіне келіп, соғыс жылдарында қаза тапқандарды еске алып, құрмет көрсетті. Еске алу рәсіміне өңір басшысы Асхат Шахаров та қатысты. Жиналған жұрт майдан даласынан оралмаған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Гүл шоқтарын қойды. Бұл күн - батыр бабаларымыздың қанымен келген жеңіс. Бейбіт өмір мен ашық аспан сол ерліктің жемісі. Сондықтан майдангерлердің қайсарлығы мен отансүйгіштігі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала бермек. Тағзым алаңына келген тұрғындар ардагерлер ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, батырлар рухына құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысында опат болған ақтөбеліктер құрметіне орнатылған Даңқ обелискі Абай даңғылында 1970 жылы тұрғызылған. Белгісіз жауынгердің 18 метрлік қызыл гранитті мүсіні 1984 жылы қазіргі Ә.Молдағұлова даңғылының бойына көшірілген. Майданда қаза болғандардың құрметіне жауынгер қарап тұрған мәңгілік алау жағылған. Алаңға қолдарына бір-бір портрет ұстап шыққандар көп. Бірінің әкесі, бірінің атасы немесе бауыры соғысқа қатысқан. Бірі оралса, енді бірі ерлікпен қаза тапқан. Тіпті, бірі жақынының сүйегін әлі таппаған. Әрқайсысы ата-бабаларының ерліктерін тоқтаусыз айтып беруге дайын. Ерлікке тағзым еткен бұл күн өткенге құрмет, болашаққа аманат.Количество показов: 14
Дата создания: 10.05.2026 05:35:06



















