Өңірде тұтынушылар құқығы қалай қорғалып жатыр?
Өңірде тұтынушылар құқығы қалай қорғалып жатыр? Мамандардың айтуынша биылғы жылдың екінші тоқсанында облысымызда, азаматтардың пайдасына 9 жарым миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық тұтынушылар палатасының өңірлік өікілдері мәлімдеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында ҚР Ұлттық тұтынушылар палатасына азаматтардан 87 өтініш түскен. Жүргізілген құқықтық жұмыстардың нәтижесінде сот шешімдері арқылы тұтынушылардың пайдасына жалпы сомасы 9 миллион 500 мың теңгеден астам қаражат өндірілген. Өндірілген қаражаттың басым бөлігі мемлекеттік сатып алуларға қатысуды үйретіп, тендер ұтып беруге уәде еткен кәсіпкерлерден қайтарылған. Мамандардың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы білім беру, заң қызметтері, шетелге жұмысқа орналастыру, автокөлік сатып алу және басқа да салаларда жиі кездеседі. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру Палатаның негізгі бағыттарының бірі. Ұлттық тұтынушылар палатасының өкілдері екінші тоқсанда Хромтау және Қандыағаш қалаларына, сондай-ақ Мәртөк, Алға және Қобда аудандарына барып, тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізген. Кездесулер барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң талаптары түсіндіріліп, азаматтардың сауалдарына жауап берілген. Ұлттық тұтынушылар палатасы алдағы уақытта да құқықтық түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыруға басымдық бермек. Мамандар тұтынушыларды қандай да бір қызметке немесе тауарға ақы төлемес бұрын оның заңдылығына көз жеткізіп, күмән туындаған жағдайда тиісті мекемелерден кеңес алуға шақырады.Количество показов: 14
Дата создания: 09.07.2026 08:13:51



















