Жергілікті кәсіпорындар отандық тауарларды менсінбейді
Жергілікті өндірушілер арасындағы іскерлік әріптестік әлсіз. Мекемелер тендерге отандық кәсіпорындарды қатыстыруға құлықсыз. Шетелдік тауарларға деген қызығушылық әлі басылар емес. Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов "Нұр Отан" ХДП АОФ ғимаратында мемлекеттік тапсырыс берушілер және ең ірі кәсіпорындардың басшыларын жинап, кеңес өткізді. Ірі компанияларды отандық өнімдерді пайдалануға үгіттеу қиынға соғып тұр. Олардың таңдауы әлі күнге дейін импорт. Шетелдік, демек сапалы, бағасы да сапасына сай деген ескі ұғым санаға әбден сіңген. Осыдан ішкі тауар айналымы ақсап тұр. Мемлекеттің қолдауымен елде үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы, индустрияландыру картасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Өндіріс ошақтары, кәсіпорындар бірінен соң бірі ашылуда. Бірақ, отандық өнімге сұраныстың аздығынан олардың болашағы алаңдатады. Былтырдың өзінде облыста 70-ке жуық жоба жүзеге асты. Былтыр елбасы проблеманы тағы бір көтеріп, әр облыстағы ірі өндіріс ошақтарының әрқайсысына қатысты нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Біздің облыс бойынша кеніштерді пайдаланушы екі ең ірі компаниялар "СНПС Ақтөбемұнайгаз" АҚ мен "Қазхром ТҰК" АҚ -ы қазақстандық мазмұн мәселесіне келгенде селқостық танытып отыр. Бүгінгі кеңесте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті өндіріс ошақтары мен кәсіпорындардың басшыларына өзара іскерлік әріптестікті нығайтуға кеңес берді. Қызмет көрсету, тауар сатып алу, мемлекеттік тапсырыстар орындауда өзіміздің өнімдерді таңдау арқылы мемлекет саясатын жүзеге асыру жүктелді бәріне де. |
Количество показов: 2331
Дата создания: 05.02.2013 19:53:45