Жазасын өтеп шыққан жандар жұмыспен қамтылмақ
Өткен жылы облысымызда жазасын өтеп шыққан 394 жан түрлі қылмыстарға барып темір торға қайта тоғытылған. Олардың 90 пайыздан астамы мұндай әрекеттерге жұмысы жоқтықтан барыпты. Осыған байланысты қазір Ақтөбеде "Еңбекпен қамту" атты арнайы акция өтуде. Шараның басты мақсаты бостандыққа шыққан жандарды жұмыспен қамту. Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан жандарды жұмыспен қамту қазіргі қоғам алдында тұрған үлкен мәселе. Темір тордан босап, кейін екі қолға бір күрек таба алмай соның салдарынан түрлі қылмыстарға қайта барып жататын жандар да аз емес. Мәселен өткен жылы дәл осындай жазасын өтеп шыққан 359 ақтөбелік қайта қылмыс жасап, темір қапастың ар жағынан бір шыққан. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты осындай олқылықтардың алдын алу. Кездесу барысында жұмыспен қамту орталығының мамандары бұрынғы жазасын өтеушілерге қазіргі еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарының жай-күйі жөнінде баяндап берді. Орталық мамандарының айтуынша қазіргі еңбек нарығында 400-ге жуық бос жұмыс орны бар. Дегенмен бұрынғы жазасын өтеп келгендер тарапынан екі қолға бір күрек сұрап келушілер әзірге аз болып тұр. Мәселен осы жылдың басынан бері орталыққа темір тордан босап келген 46 жан ғана жұмыс сұрап жолыққан. Алайда соның 28-і ғана еңбекпен қамтылыпты. Қалғандары түрлі себептермен әзірге жұмысқа орналаса алмай жүр. Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан жандардың да мұң-мұқтажы аз болмай шықты. Бірінің жеке куәлігі жарамсыз болса, енді бірі белгілі бір тұрғылықты жерде тіркеуде жоқ. Сол себепті тентіреп, әлеуметтік бейімдеу орталығын сауғалап жүргендері де жоқ емес. |
Количество показов: 2950
Дата создания: 30.01.2013 18:52:49